Мазмұнға өту
Басты бет / Жаңалықтар /

«Қазақпыз ғой». Қазақ өзін кемсітетін әдетті қашан бастаған?

Иллюстрация: Бекзат Исамберген
«Қазақбайский», «қазақ жалқау» деген тіркестерді естіп те, айтып та жүрміз. Әлжеліде бір жағымсыз видео тараса, «қазақпыз ғой» деп пікір жазатындар бар. Қазақ өзін кемсітетін әдетті қашан бастаған? Өзін не үшін және не деп кемсітеді? Мұны қалай қоямыз?
Бұл сұрақтарға мәдениеттанушы Жанар Таңсық пен психоаналитик, Орталық Азия психоанализ институтының директоры Анна Құдиярова жауап берді.

«Қазақ жалқау» деген аксиомалар — Кеңес идеологиясы санамызға құйған таптаурын»

Мәдениеттанушы Жанар Таңсықтың айтуынша, қазақ өзін кемсітуіне КСРО орнағандағы орыс билігі ықпал еткен.

Көшпелі дәуірдегі тарихи жазбалар мен фольклор шығармалардан қазақ өзін кемсіткенін байқамаймыз. Керісінше «қазақ батыр, өр» деген теңеулерді оқимыз. Демек, қазақ көшпелі дәуірде өзін кемсітпеген. Бертін келе XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы кезеңін алайық. О заманда да қазақ бір-бірін кемсітпеген. Тек бір соғыста жеңіліп қалса, қолбасшының, батырдың ағаттығын ғана айтқан. Бүтін бір ұлтқа топырақ шашпаған, — дейді Жанар Таңсық.

Мәдениеттанушы XVIII-XIX ғасырларда Ресей отарлай бастағанда қазақты мәдениетінен алыстатып, орыс мәдниеті мен тілін тықпалай бастағанын айтады. «Ғылым-білімнің бәрі орыста» деп айтыла бастады.

Көшпелі халықтың отырықшылыққа бейімделіп, ғылым-білімді өзі өндіріп шығаруына уақыт кететіні — қалыпты нәрсе. Алайда Ресей патшалығы отарлап жатқанда көшпелі халықтың ғылым-білімі жоқ деп кемсітті. Қазақты кемсітудің айқын көрінісі Кеңес дәуірінде білінді. «Қазақ жалқау», «қазақтың жауы — қазақ» деген аксиомалар — Кеңес дәуіріндегі идеология санамызға құйған таптаурын, — дейді мәдениеттанушы.

Ресей патшалығы тұсында қазақша жазылған кітаптарды, соның ішінде қазақ әдебитін, оқу-педагогикалық оқулықтарды, мұсылман рухани әдебиетті, әдеп-ғибрат және тағы басқа кітаптарды басып шығаруға тыйым салынған. Бұл туралы ғалым Жұмағыз Шалғынбай «История казахской книжной культуры» деген еңбегінде жазған.

Жанар Таңсық. Фото жеке архивінен ұсынылды

Тек Құранға тимеген. Сырттай қарағанда, Ресей патшалығы дінімізге рұқсат берген сияқты көрінеді. Алайда қазақ арасында арабша білетіндер некен-саяқ еді. Демек, Құранды бәрібір оқи алмайтын. Бұл кітап үйде жәдігер болып қана тұрғандықтан, қазақ одан рухтана алмайтын. Рухтанып, қайраттанатын тіліміздің кітаптарын өртеп жіберді, басқызбай қойды, — дейді Жанар Таңсық.

Кемсітудің түбі қайда жатыр?

КСРО кезінде «бір күні қазақ, өзбек, орыс болыпты» деп басталатын анекдоттар болды. Анекдот соңында қазақ осылардың ішіндегі ең нашар адам болып шығады. Мұндай анекдот одақ құрамындағы 14 бағынышты елдің бәрінде бар еді. Бұл — идеология. Мақсат — орыс халқы мінсіз деп сендіру.

КСРО кезінде «трактор айдайтын қазақ әйелі, 100 бас қойдан 150 қозы алған шопан» деп мақтап, газетке шығаратын. Жанар Таңсықтың айтуынша, бұл — қолдан жасалған батырлар. Мұндай батырлар одақтағы әр халықта-ақ бар еді.

Ал тарихымыздағы қазақ хандары мен батырларын айтуға рұқсат бермеген. Әр халық өзінің кім екенін білуі үшін түбін тануы керек. Батырлары мен хандарын таныса, өзін кемсітпес еді деп ойлаймын.

1953 жылы Сталин өлген соң жылымық басталды. Сол кезден бастап билік басына қазақтар келе бастады. Мысалы, Қазақ КСР министрлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Тәшен, Қазақ КСР мәдениет министрлері болған Ілияс Омар, Өзбекәлі Жәнбек сияқты басшылар мәдениет саласында көп жұмыс атқарды.

Қазақ халқының кімдігіне (идентификация — ред.) оралу процесі сол кезде ақырын басталған еді. Одан кейін тәуелсіздік алған жылдары кімдігіміз құлдырады. Өйткені бұрынғы президент Назарбаев «әуелі — экономика, сосын барып мәдениет» деген ұстаным ұстады. Жаңадан тәуелсіздік алған елге расымен де бірінші экономикасын көтеру керек еді, — дейді Жанар Таңсық.

Қазақ өзін кемсітуді қашан қояды?

Жанар Таңсықтың айтуынша, қазақ өзін кемсітуді қоюдың алғашқы қадамдарын бастап келе жатыр.

2005 жылдан бастап туған балалардың көбінің тегінде «-ова, -ев» сияқты орысша жалғау жоқ. Бұл — құлдық санадан арылу қадамы. Қазір ірі қалаларда қазақ тілі танымал болып жатыр. Қазақша толкстар, контенттер, жиындар, жобалар көбейді. Уақыт жеткенде осы буын билікке келеді. Сол кезде қазақ өзін қор санайтын заман да біртіндеп артта қалады деп ойлаймын. Қазақ өзінің кімдігін қайтарғанда өзін кемсітуді де қояды, — дейді мәдениеттанушы.

Кемсітудің бір себебі — жұртпен салыстыру

Психоаналитик Анна Құдиярова қазақ өзін кемсітуінің бірнеше себебі бар дейді. Мұны түсіну үшін адамның туған үйін қарастыру керек.

Қазақ отбасында көбіне «жұрттың баласы» деген тәрбие бар. Соның кесірінен бала «Пәленшенің баласы жақсы болса, демек, мен жаман болып тұрмын ғой» деген ойды сіңіріп алады. «Ақыры әке-шешем жұрттың баласын мақтайды екен, онда мен несіне ұмтыламын?» деп ойлайды, — дейді Анна Құдиярова.

Осыдан келіп «шетел жақсы, ал Қазақстан жаман» деген ой пайда болады. Әлжеліде «Ағылшын турист қазақ жерінің табиғатына тамсанды», «Шетелдік ерлі-зайыпты қазақтың қонақжайлығына сүйсінді» деген посттарды жиі көреміз. Бұл өзімізді «жұрттың баласының» пікірімен өлшегеннен болып отыр.

«Ата-бабасын көтеріп айтып, өзін жерге ұру — адамды кемсіту»

Маманның айтуынша, адамның ата-бабасын көтеріп айтып, өзін жерге ұру — адамды кемсіту.

Анна Құдиярова. Фото жеке архивінен алынды

Керісінше, балаға «атамыз осындай би болған, сөзге жүйріктік сенде де бар» деп өзін көтермелеу қажет. Ата-ананың міндеті — баласының өзін бағалауын көтеру.

«Қазаққа сау нарциссизм жетіспейді»

Нарциссизм — адамның өзіне деген махаббаты. Патологиялық нарциссизм мынадай: «мен тек өзімді жақсы көрем, бүкіл әлем мені жақсы көрсін» деген талап. Сау нарциссизм мынадай: «мен өзімді жақсы көріп, сыйлаймын және өзгелерді де жақсы көріп, сыйлаймын» деген түсінік.

Қазаққа осы сау нарциссизм жетіспейді, — дейді Анна Құдиярова.

Маманның айтуынша, қазақ «мен» деп емес, «біз» деп сөйлейді. Сау нарциссизм жетіп тұрса, адам «мен» деп сөйлер еді. «Мен мынаны істедім, бұл — менің идеям» деп өзін тұлға қылып көрсетер еді. Ал «біз» деу — тығылып қалу.

Анна ханымның айтуынша, «біз» деу, «қазақпыз ғой» деу — жауапкершіліктен қашу.

Мәселен, тойға кешігіп жатса, «қазақ өмірі кешігіп жүреміз ғой» деу — «мен кінәлі емеспін, жалпы қазақ кінәлі» деп жауапкершіліктен қашу. Әркім өзінен бастауы керек. «Мен қазақпын, шақырған жерге уақтылы барып, той жасасам, уақтылы бастауға тырысамын» деп өзін тәрбиелеуі керек. Сонда өзінің де, өзгенің де уақытын сыйлайды. Демек, өзін де, өзгені де сыйлап, сау нарциссизмді оятады, — дейді психоаналитик.

***

Қазақтың ұрпақтан ұрпаққа беріліп жатқан травмасы қандай? Тарихшы Гүлназ Төленовамен сұхбат

Exit mobile version