Әлемдік балет өнерінің шебері Булат Аюханов негізін қалаған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік академиялық би театры 58-ші театр маусымын ашты.
Жаңа маусым Шымкент пен Тараз қалаларындағы гастрольдік қойылымдармен басталады.
26 қыркүйекте театр труппасы Шымкенттегі «Түркістан сарайы» концерт залында, ал 28 қыркүйекте Тараздағы «Баласағұн» мәдениет сарайында өнер көрсетеді.
Көрермендерге екі бірдей әлемдік классика ұсынылады – П.И. Чайковскийдің «Аққу көлі» және Ж. Бизе – Р. Щедриннің «Кармен-сюитасы». Чайковскийдің алғашқы балеті саналатын «Аққу көлі» әлем сахналарында ғасырдан астам уақыт бойы қойылып келеді. Булат Аюханов 1967 жылы бұл туындыға өзіндік интерпретация жасап, қайғылы финалды енгізген еді.
Гастрольдік бағдарламаның екінші бөлігінде Жорж Бизенің «Кармен» операсы желісі бойынша бір актілі «Кармен-сюита» көрсетіледі. Қойылымда еркіндікті сүйген сыған қызы Карменнің трагедиялық тағдыры баяндалады.
Басты партияларды «Алматы Жас Балеті» театрының жетекші солистері – Айнұр Мұқашева, Айя Мелис, Жанат Тайкенов, Еламан Тыныштықбай және басқа да артистер орындайды.
Театр басшылығының айтуынша, жаңа маусым көрермендерге балет өнерінің жауһарларын ерекше интерпретацияда ұсынуды көздейді.