Басты бетЖаңалықтарҚазақстанда цифрлық трансформация жаңа деңгейге шықты

Қазақстанда цифрлық трансформация жаңа деңгейге шықты

Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2024 жылғы жолдауында цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамытуға ерекше назар аударылды.

Мемлекет басшысы «Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологияларын енгізу елдің экономикалық өсімін жеделдететін негізгі тетікке айналуға тиіс екенін атап өтті. Бұл туралы үкімет хабарлап отыр.

Кейінгі жылдары Қазақстанда жүргізілген цифрлық реформалар нәтижесінде мемлекеттік қызметтердің 92%-ы онлайн форматқа көшті. Қызмет көрсету мерзімдері 20 есеге қысқарып, көлеңкелі экономикадан ондаған миллиард теңге шығарылды.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, Қазақстан қазір цифрландыру деңгейі бойынша әлемде 24-орында, ал онлайн қызметтер индексінде үздік ондыққа енген.

Astana Hub халықаралық технопаркі мен өңірлік IT-хабтардың дамуы нәтижесінде қазақстандық стартаптар әлемдік нарыққа шығуда. Жақында қазақ тіліндегі ең ірі тілдік модель – AlemLLM көпшілікке қолжетімді болды. Сонымен қатар Орталық Азиядағы алғашқы alem.cloud суперкомпьютерлік кластері іске қосылды.

Әлеуметтік салада да цифрлық сервистер кеңінен енгізіліп жатыр. Мәселен, балабақша мен мектепке қабылдау онлайн жүргізіледі, медициналық анықтамалар цифрландырылды, ал «Әлеуметтік әмиян» жобасы тегін тамақпен қамтуды тиімді қадағалауға мүмкіндік беріп жатыр.

Криптоиндустрия саласында Қазақстан биыл Solana Economic Zone Kazakhstan аймағын іске қосты. Бұл блокчейн технологияларын дамытуға серпін береді.

Байланыс инфрақұрылымы да қарқынды дамуда: бүгінде ел халқының 93%-ы интернетпен қамтылған, ал 2026 жылға дейін үш мыңнан астам ауыл интернетке қосылады. Сонымен бірге жақында Қазақстанда Starlink ресми түрде іске қосылды.

Мамандардың пікірінше, цифрлық трансформация елдің тұрақты өсімі мен халықаралық беделінің маңызды драйверіне айналып отыр.