Алматының кейбір шағынаудандары жарықсыз қалды. Оқиға орнында жөндеу бригадалары жұмыс істеп жатыр.
Бұл туралы «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«АЖК» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Медеу, Бостандық және Әуезов аудандарындағы электр жеткізу желілерінде апатты ажырату болған.
Оған кабельдік желілердегі апат себеп болды. Уақытша жарықсыз қалған шағын аудандар – Достық, Қарғалы, Архат, Ғаламат, Жайлау, сонымен қатар Гурилев, Теміртау және Блок көшелері, – делінген компания хабарламасында.
Қалпына келтіру жұмысына сегіз жедел-шығу бригадасы, кабель желілерін жөндеудің екі бригадасы, техника және электр зертханалары жұмылдырылды. Сағат 18:00-ден бастап кезең-кезеңімен ауыстырып қосу және тұтынушыларды уақытша электрмен қамту жұмысы басталған.
«АЖК» АҚ уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұрайды және электр энергиясын тез арада қалпына келтіру үшін қажет шараларды қабылдап жатыр, – делінген хабарламада.