Басты бетЖаңалықтарКөкшетауда жігітті ұрып-соғып, несие рәсімдеткендер сотталды

Көкшетауда жігітті ұрып-соғып, несие рәсімдеткендер сотталды

Көкшетау қалалық соты 19-23 жас аралығындағы үш жас жігіттің ісін қарады. Бұл туралы соттың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Олар әлеуметтік желі арқылы танысқан қызға келген жігітті алдап пәтерге шақырып, кейін көлікке отырғызып, қала сыртындағы бос жерге апарған. Жәбірленушіні ұрып-соғып, мүлкін беруге және мобайл банкиң арқылы ақша аударуға мәжбүрлеген.

Жәбірленуші Т. әлеуметтік желі арқылы танысқан қызға кездесу үшін Көкшетауға келген. Қыздың қауіпсіздігі үшін Б.-дан оны пәтерге жеткізуді өтінген. Алайда Б.-мен бірге Д. және Ш. де барған. Пәтерге келген соң олардың ойына жәбірленушіні бопсалау жоспары келген. Жігітті көлікке отырғызып, қала сыртындағы адам жоқ жерге апарып, ұрып-соғып, ақшасы мен мүлкін талап еткен. Кейін олар заңсыз әрекеттерін пәтерде жалғастырған, — делінген хабарламада.

Қорқыту мен зорлық-зомбылықтың әсерінен жәбірленуші:

  • 110 мың теңге тұратын ұялы телефонын берген;
  • 25 мың теңге ақшасын аударған;
  • 280 мың теңгеге төрт шағын несие рәсімдеуге мәжбүр болған.

Сот-медициналық сараптама оның денесінде көгерген және сыдырылған жарақаттар барын анықтады. Істі қараған сот айыпталушылардың кінәсін толық дәлелденген деп тапты.

  • Ш. – қылмыстың белсенді қатысушысы ретінде танылып, төрт жылға бас бостандығынан айырылды.
  • Б. – тараптардың татуласуына байланысты бір эпизод бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылды. Бірақ бопсалағаны үшін төрт жыл шартты жаза алды.
  • Д. – кейбір айыптар бойынша ақталғанымен, бопсалауға қатысқаны үшін үш жыл алты айға сотталды.

Сот қылмыс кезінде пайдаланылған Mitsubishi Pajero Sport көлігін тәркілеу туралы шешім шығарды.