Басты бетСпортБилік өкілдері «Қайраттың» матчтарына билет алып, сататындарды қалай тоқтатарын білмей отыр

Билік өкілдері «Қайраттың» матчтарына билет алып, сататындарды қалай тоқтатарын білмей отыр

Не болды?

Спорт жарыстарына билет сату мәселесі бойынша Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің дөңгелек үстелі өтті. «Қайрат» пен «Селтик» арасында өткен матчқа билет сатып алу мәселелерін талқылады.

Мәлімет

Tiketon сайты ұсынатын дерек бойынша, 26 тамызда өткен «Қайрат – Селтик» матчына Tiketon сайты мен Feedom Super App қолданбалары арқылы осынша билет сатылған:

  • 22.08 күні бір сағатта шамамен 13 700 (минутына 228 билеттен);
  • 25.08 күні қосымша 1 000 билет сатылған;
  • «Қайрат» ФК серіктестеріне шамамен 5 000 билет таратқан.

Орталық стадионға шамамен 22 000 көрермен сыйяды, ал сайыс өткен кезде көрерменге орын жетпей қалған. Демек:

  • билеттердің қалған бөлігі қалай сатылғаны;
  • қалайша бір билетпен бірнеше адам ойынды тамашалағаны;
  • орталық алаң алдында емін-еркін сауда жасаған алып-сатарларды кім жауапқа тартатыны;
  • бұл сұрақтарды шешумен кім айналысатыны белгісіз.
"Қайрат", дөеңгелек үстел
Фото: Ақерке Елгезек/Baribar.kz

Мәселені шешуге келгендер не дейді?

Мәслихат депутаты Қайрат Талапұлы билет мәселесін Тикетон мен «Қайрат» шешсін дейді.

Екі баламмен футбол көруге бардым. Алдымызда, жанымызда билеті бар, бірақ орны жоқ көрерменнен ойынды дұрыстап тамашалай алмадық. Эвакуация жасайтын жолдың бәрі жабық. Аяқ асты төтенше жағдай болып қалса, дүрбелең басталып, адамдар бірін-бірі таптап кетер еді. Көрермендерге қызмет көрсету сапасы да оңып тұрған жоқ — бар мен киоскде алкогольді сусыннан басқа ештеңе сатылмады. Алдағы матчтарда Тикетон мен «Қайрат» ФК бірлесіп, осы мәселелерді шешсе екен, — дейді депутат.

Ал Орталық стадион қызметкері Ерхан Адамбеков стадионға қанша көрермен кіретініне жауап бермейтінін айтып отыр.

Біз билет сатумен айналыспаймыз және кірген көрермен санына жауап бермейміз. Жай ғана келісімшарт жасап, алаңды жалға алғандарға толық сеніп тапсырамыз. Стадион кейінгі екі жыл жөнделіп келе жатыр. Сондықтан артық шығынға жол бере алмаймыз. Ал турникеттердің жұмыс істемегені ескіргеннен.  Оны жөндеу немесе жаңасын сатып алу қосымша шығын, — дейді Ерхан Адамбеков.

Дөңгелек үстелге Алматы қаласы спорт басқармасы, цифрландыру департаменті, полиция департаменті, «Қайрат» ФК өкілдері, Tiketon компаниясы, Орталық алаң қызметкерлері мен мәслихат депутаттары қатысты. Алайда билетті алып, сататындарға қандай шара қолданылатыны, «Алдағы матчтарда осындай мәселелердің алдын алу үшін не істейміз?» деген сұрақтар сол күйі нақты жауапсыз қалды.

Контекст

Қазақстандық «Қайрат» командасы «Реал Мадритпен» 30 қыркүйекте ойнайды. Әзірше матч билеті сатылымға шықпады. «Қайрат» командасы тек өз сайтындағы ресми ақпаратқа сенуге кеңес береді.