Бүгін, 1 қыркүйекте Алматы әкімі Дархан Сатыбалды оқушыларды «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған жаңа мектептердің бірінде Білім күнімен құттықтады.
Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Оқу жылының басында мегаполисте 12 мыңнан астам орындық жеті заманауи мектеп ашылды. Алатау, Алмалы, Бостандық және Наурызбай аудандарындағы жаңа оқу орындары кең кабинеттермен, заманауи зертханалармен, цифрлық сыныптармен, спорт кешендерімен және акт залдарымен жабдықталған.
Бүгін Алматының 350 мыңнан астам оқушысы үшін алғашқы қоңырау соғылды. 28 мыңнан астам бірінші класс оқушылары алғаш рет мектеп табалдырығын аттады. Бұл ата-аналар мен тәрбиешілер үшін ерекше әрі қуанышты сәт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, әр баланың сапалы білім алуы үшін тең және заманауи жағдай жасау маңызды, – деп атап өтті Дархан Сатыбалды.

Алматы әкімі қыркүйек айының соңына дейін Алматыда 10,5 мың орындық тағы бес мектеп ашу жоспарланып отырғанын атап өтті. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында мегаполисте барлығы 34,8 мың орындық 21 оқу орнының құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Сонымен қатар жеке инвесторлар есебінен 8 мектеп салынып жатыр. Бұдан басқа, «1 300 мектепті жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2027 жылға дейін 31 мектепке күрделі жөндеу жүргізілетін болады.
Өткен оқу жылындағы Алматы оқушыларының жетістіктерін ерекше мақтанышпен атаған жөн. Қаланың жас таланттары 21 халықаралық және 33 республикалық олимпиадаларға қатысып, 1000-нан астам жүлделі орынға ие болды. Алматы құрамасы «Үздік олимпиада командасы – 2025» деп танылды. Оқушылар Нидерланды, Индонезия, Үндістан және Кипрдегі робототехника чемпионаттарында еліміздің атын шығарды, ғылым саласында абырой — беделін арттырды.