2025 жылғы 27 тамызда Астанада Astana 2025 World Boccia Challenger халықаралық турнирінің жабылу салтанаты өтті.
Бұл – Қазақстанда BISFed аясында өткен алғашқы халықаралық бочча турнирі. Жарыс 2028 жылғы Лос-Анджелес паралимпиадасына іріктеу кезеңінің бөлігі саналады және оған 12 елден 56 үздік спортшы қатысты.
Жарыстың жоғары ұйымдастырушылық деңгейін Боччаның халықаралық федерациясы (BISFed) өкілдері атап өтті. Мұндай ауқымдағы турнирдің өтуі елдің инклюзивті спорт пен халықаралық спорттық ынтымақтастықты дамыту жолындағы маңызды қадамы болды. Қазақстан әлемдік деңгейдегі параспорттық шараларды қабылдауға дайын екенін көрсетті.
Astana World Boccia Challenger турнирі Қазақстан үшін тарихи оқиға болды, елімізде алғаш рет осындай деңгейдегі жарыс ұйымдастырылды. 12 мемлекеттен келген 56 үздік спортшы жоғары шеберлік пен спорттық күш-жігерін танытты. Қазақстан бочча федерациясы атынан барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерді құттықтаймын! Біздің құрамамыз үшін бұл бастау айрықша маңызға ие. Біз параспортшыларымызға сендік, олар барлық үмітті ақтады. Бұл жеңіс бізге шабыт беріп, елдегі инклюзивті спорттың жаңа белестерін ашады, – деді ҚР парламенті сенатының төрағасы, Қазақстан бочча федерациясының президенті Мәулен Әшімбаев.

Ол сонымен қатар ұйымдастырушыларға, төрешілер құрамына, бапкерлерге, ата-аналарға, волонтерлерге және демеушілерге алғысын білдірді. Сегіз күнге созылған жарыс барысында көрермендер әсерлі әрі тартысты матчтарға куә болды, ал параспортшылар жоғары шеберлікті және жеңіске деген жігерді паш етті.
Қазақстан құрамасы сенімді өнер көрсетіп, жалпы алты медаль иеленді: екі алтын (Итиана Шыңғысханова, Балжан Бөлекпаева), екі күміс (Азамат Аязбаев, Ерхат Алмат), бір қола (Эльмира Мусралиева) және аралас жұптық сында алтын (Эльмира Мусралиева мен Азамат Аязбаев).
Турнирдің соңғы күні жұптық және командалық сайыстардың шешуші кезеңі болды. Аралас жұптық BC4 санатында қазақстандық Эльмира Мусралиева мен Азамат Аязбаев ирандық спортшыларды жеңіп, алтын медальға қол жеткізді. Ал командалық BC4 санатында жеңіс Оңтүстік Корея құрамасына бұйырды, ирандықтар екінші орынға табан тіреді. BC3 жұптық жарысында да Корея спортшылары топ жарып, Италия мен Үндістан құрамаларын артта қалдырды.
Astana 2025 World Boccia Challenger ұйымдастырушысы – Қазақстан бочча федерациясы. Турнир ҚР Туризм және спорт министрлігінің, Sport Qory қорының, «Самұрық-Қазына» АҚ, Eurasian Resources Group (ERG) және өзге де серіктестердің қолдауымен өтті. Олардың үлесі турнирдің табысты өтуіне және инклюзивті спорт кеңістігін қалыптастыруға ықпал етті.
Астанада турнирдің өтуі тек параспортшылар үшін ғана емес, елдің тұтас спорт экожүйесі үшін де маңызды кезең болды.