Қаржы мониторинг агенттігі ел ішінде заңсыз онлайн-казиноны жарнамалап, жұртты алдаған 34 блогердің тізімін жариялады.
Агенттіктің мәліметінше, олардың қатарында Қайсар Қамза, Шыңғысхан Көпбаев (Baller), Айтмаханов Тәуіржан, Наиль Тұрғанов, Диляра Аманқосқызы, Ринат Шамшырақ және Мариям Құлжабаева бар.
Олардың 11-і әкімшілік жауапкершілікке тартылса, қалған 23-іне қатысты материалдар мәдениет министрлігіне жолданған. Көпшілігі заңды бір рет емес, бірнеше мәрте бұзған. Мәселен, 600 мыңнан астам жазылушысы бар музыкант-блогер Ринат Шамшыраққа да әкімшілік іс қозғалған. Ал Baller есімді орындаушы биылдың өзінде бес рет жауапқа тартылып үлгерген.
Заңсыз жарнаманың арқасында кейбір блогерлер миллиондаған пайда тапқан. Мәселен, Наиль Тұрғанов 8 миллион теңге, ал Нұрғазы Тоқтаров (Nakonay Qarapaiym) 15,8 миллион теңге табыс көрген. Бұл істе әйел блогерлер де белсенді болған. Мысалы, Мариям Құлжабаева Instagram парақшасында қарапайым стористі небәрі 350 мың теңгеге бағалап, казиноға тіркелуге шақырған. Оның құрбандары арасында миллиондаған қаржысынан айырылған отбасылар бар. Сонымен қатар Зухра Хакиева, Диана Халметова, Әсем Аубакирова, Арина Байкова, Күмісай Айымбетова сияқты инфлюенсерлер бар, — делінген хабарламада.
Қаржы мониторинг агенттігі бұл мәселе бақылауда екенін және заңсыз жарнамаға қарсы шаралар күшейтілетінін атап өтті.