Басты бетЖаңалықтар«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы Татарстанда өтті

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы Татарстанда өтті

Қазан қаласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, белгілі композитор Хамит Шанғалиевтің «Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсының премьерасы өтті.

Елеулі мәдени шара Қазақстан Конституциясының 30 жылдығына арналды.

Шығарманың либреттосын Қазақстанның халық жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әнуар Әлімжанов жазып шыққан. Ол әйгілі жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» тарихи романының желісі бойынша әзірленген. Опера сахналық тұрғыда режиссер Мұрат Ахмановтың жетекшілігімен қойылды.

Опера Алтын Орданың тарихын, ұлы қолбасшы мен билеушілер бейнесін сахна тілі арқылы жеткізіп, қазақ халқының мәдениеті мен рухани құндылықтарын дәріптеуді мақсат тұтады. Қойылым барысында тарихи көріністер, ұлттық музыка элементтері мен заманауи сахналық шешімдер үйлесім тапқан.

«Хан Сұлтан. Алтын Орда» операсы

Премьераға Татарстан президенті Рустам Минниханов, Қазақстан Республикасының мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Қазан қаласының мэрі Ильсур Метшин және екі елдің мәдениет пен өнер қайраткерлері қатысты. Құрметті қонақтар жаңа туындының қазақ мәдениеті мен түркі дүниесінің рухани байланысын нығайтудағы маңызы зор екенін атап өтті.

Мәдениет министрі Аида Балаева өз сөзінде Қазақстан мен Татарстан арасындағы мәдени ынтымақтастықтың жаңа белеске көтеріліп отырғанын және Шанғалиевтің бұл туындысы бауырлас халықтардың ортақ тарихы мен құндылықтарын дәріптейтінін айтты.

Бұл премьера тек Қазақстан мәдениетінің дамуына ғана емес, сонымен қатар түркі әлемінің бірлігін айқындайтын маңызды оқиға ретінде бағаланып отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да