27 тамызға қараған түні өткен УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу плей-офф кезеңіндегі матчта қазақстандық «Қайрат» шотландиялық «Селтикті» пенальти сериясында 3:2 есебімен ұтып, тарихи жеңіске жетті.
Ойынның негізгі уақыты тең есеппен аяқталды. Одан кейін италиялық төреші Маурицио Марани жеңімпазды анықтау үшін қосымша 30 минут қосты.
Экстра-таймда шотландтар жеңіске жақын болды, алайда Қазақстан чемпионы қарсыластың жойқын шабуылдарына төтеп берді. Жекпе-жектің тағдыры пенальти сериясында шешілді, бұл жолы «Қайратқа» сәттілік серік болды.
Матчтың басты қаһарманы қақпашы Темірлан Анарбеков болды. Ол шотландиялықтардың үш бірдей 11 метрлік соққысын қайтарып, командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша, «Қайрат» алғаш рет өз тарихында УЕФА Чемпиондар лигасының негізгі кезеңіне жолдама алды.