Шымкентте алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары аяқталуға жақын. Бұл туралы «Отырар» телеарнасы хабарлап отыр.
«3-Энергоорталық» АҚ қазандары мен турбиналарына жүргізілген негізгі күрделі жөндеу жұмыстары аяқталды. Биыл жылыту маусымына шамамен 190 миллион теңге бөлінген. Бұл қаржы жабдықтарды жаңғыртуға, жаңа қондырғылар сатып алуға, реконструкция мен техникалық қызмет көрсетуге жұмсалды. Жоспарланған жұмыстардың басым бөлігі аяқталды.
Шымкентте жылумен қамтамасыз ету тарифін көтеру жоспарланып отыр.
1 тамыздан бастап тарифтерге өзгеріс енгізілді. Бұл газ бағасының өсуіне және статистика бойынша тауарлар құнының өсуіне байланысты. Соның нәтижесінде жаңа тариф ҚҚС-сыз 1 гигакалория үшін 7230 теңге деңгейінде бекітілді – бұл бұрынғыдан 23%-ға жоғары, – деп атап өтті Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бас маманы Жарқынбек Шынықұл.
Мамандар тарифтерді қайта қарау жабдықтарды уақытылы жаңғырту және қыста сенімді жылумен қамтамасыз ету үшін қажет екенін айтады.
Бұл шара әсіресе 2024 жылы Риддер жылу электр орталығында болған резонансты жағдайдан кейін өзекті болып отыр. Ол жерде тозған желілердің кесірінен ірі апат болып, қақаған қыста қала жылусыз қалған болатын.