Басты бетЖаңалықтарҚандастардың көбі Өзбекстан мен Қытайдан келіп жатыр

Қандастардың көбі Өзбекстан мен Қытайдан келіп жатыр

Биыл Қазақстанға 8 051 этникалық қазақ көшіп келіп, қандас статусын алды. Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.

Жалпы 1991 жылдан бері республикаға 1 млн 156,1 мың қазақ оралған. Көшіп келгендердің басым бөлігі – Өзбекстаннан (44,2%) және Қытайдан (43,2%). Қандастардың 59,1%-ы еңбекке қабілетті жаста, 31,8%-ы балалар, ал 9,1%-ы зейнеткерлер.

Қоныс аударушылардың 15,7%-ы жоғары білімді, 28,1%-ы кәсіби орта, 53,5%-ы жалпы орта білімді, 2,7%-ының білімі жоқ.

2025 жылға арналған квота бойынша еңбек күші тапшы өңірлерге (Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс, Шығыс және Солтүстік Қазақстан облыстары) 2 309 адамды қабылдау жоспарланған. 1 тамызға дейін бұл аймақтарға 1 286 қандас қоныстанды.

Қоныстанғандарға көшуге субсидия, тұрғын үй жалдау мен коммуналдық шығындарды өтеуге қаржылай қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты енгізілген. Оның аясында отбасы тұрғын үй құнының 50%-ына дейін, яғни 4,56 млн теңгеге дейін біржолғы қайтарымсыз көмек ала алады. Жыл басынан бері 563 қандас қолдау шараларымен қамтылып, 221 адам тұрақты жұмысқа орналасты.