Басты бетЖаңалықтарҮржардағы апат: балалардың бірі кәдімгі палатаға ауыстырылды

Үржардағы апат: балалардың бірі кәдімгі палатаға ауыстырылды

Не болды?

19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші алты баланы қағып кеткен еді. Үш бала қаза болып, үшеуі ауруханаға жеткізілген.

Қазір үш баланың екеуі Астана қаласының №2 көпбейінді балалар ауруханасында жатыр. Олардың бірі реанимациядан кәдімгі палатаға ауыстырылды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлап отыр.

Мәлімет

Балалардың бірі — алты жастағы Ерәділ Тұрсынғазы. Ол ауруханаға жарақаттық шок жағдайында, жіліншік, қол жарақаттарымен түскен. Қазір жағдайы тұрақталды. Реанимациядан кәдімгі палатаға ауыстырылды.

Ерәділдің тоғыз жастағы әпкесі Айеркенің жағдайы ауыр.

Кеше денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова балалардың жағдайын білуге барған.

Кішкентай пациенттерді құтқаруға жедел қатысқан дәрігерлерге алғыс айтамын. Балалар тезірек сауығып кетуін, ал туыстарына осы қиын уақытта күш пен сабыр тілеймін, — деді министр.

Контекст

19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші рульге ие бола алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен.

Екі бала оқиға орнында қаза болды, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үш жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

20 тамызға қараған түні Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, балаларға медициналық көмек беру үшін қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағымен медициналық бригада ұшып барды.

Денсаулық сақтау министрлігі балалардың хәлі ауыр деп отыр.

Балалардың жасы — 2-9 жас арасында.

Жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы әкесінің жүрек талмасы ұстап қалғанын айтқан еді.