Басты бет Жаңалықтар Енді жолаушылар туралы мәліметтер арнайы органдарға беріледі

Енді жолаушылар туралы мәліметтер арнайы органдарға беріледі

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Қазақстанда 31 тамыздан бастап әуе, теміржол және теңіз көліктерімен жүретін жолаушылар туралы мәліметтер құқық қорғау және арнайы мемлекеттік органдарға беріледі.

Бұл өзгеріс көлік министрінің міндетін атқарушы қол қойған жаңа бұйрықпен енгізілді. Түзетулер халықаралық стандарттарға сәйкестендіру мақсатында жасалып отыр.

Әуе тасымалы. Әуе компаниялары, оның ішінде шетелдік тасымалдаушылар да, жолаушылар мен экипаж туралы деректерді екі рет ұсынады: рейске 48 сағат қалғанда және тіркеу аяқталған соң. Мәліметтер құрамына аты-жөні, туған күні, жынысы, азаматтығы, құжат деректері, рейс нөмірі, ұшып шығу және келу уақыты мен бағыты, орын нөмірі, багаж ақпараты және (жолаушы келіссе) байланыс деректері кіреді.

Теміржол және теңіз көлігі. Пойыз билеттері туралы ақпарат тәулігіне бес ретке дейін, ал теңіз көлігі бойынша тәулігіне төрт ретке дейін жолданады. Мұнда да жолаушының аты-жөні, құжат деректері, сапар бағыты және келісім берілсе, байланыс нөмірі көрсетіледі.

Жалпы ереже. Барлық деректер Астана уақыты бойынша тіркеледі және бес жыл бойы сақталады. Сонымен қатар этникалық шығу тегі, саяси көзқарас, діни немесе философиялық сенім, кәсіподаққа қатыстылық пен жыныстық бағдар жөніндегі мәліметтерді жинауға тыйым салынған.

Exit mobile version