Көпбалалы Босбаевтар отбасы Алматы облысындағы Ақсеңгір ауылында тұрады. Олар Qunar+ әлеуметтік жобасына қатысып, бір жылда қорасын малға толтырды. Бұрын-соңды мал бақпаған отбасының енді 62 қойы мен қозысы және екі сиыры бар. Оған қоса олар жобаның жеңімпазы болып, 10 миллион теңге ұтып алды.
Qunar+ қандай жоба? Бұл реалити-шоу шалғай ауылдағы көпбалалы отбасыларға қалай көмектесті? Жобаға қатысқан ауыл тұрғындарының өмірі қалай өзгерді? Baribar.kz редакциясы жоба жеңімпазы болған Босбаевтар отбасымен және жоба авторы Жәнібек Кенжебаевпен әңгімелесті.

Qunar+ реали-шоуы қандай жоба?

Qunar+ — елімізде мал шаруашылығын дәріптейтін  және ауыл тұрғындарына тұрақты табыс көзін табуға көмектесетін әлеуметтік жоба. Жоба былтыр алғаш рет Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Ақсеңгір ауылында реалити-шоу форматында түсірілді.

Бағдарламаға сол ауылда тұратын көпбалалы және дипломмен ауылға көшіп барған, бұрын-соңды мал шаруашылығымен айналыспаған үш отбасы — Әбдірахмановтар отбасы, Босбаевтар отбасы және Бутешовтар отбасы қатысты. Qunar+ жобасының аясында әр отбасыға 30 қой мен екі ангус сиыр таратылған. Бір жылға созылған жоба барысында үш отбасы мал шаруашылығын меңгеріп, мал басын көбейте алған. Оның ішінде ең көп төл алған Босбаевтар отбасы жеңіске жетіп, қорасын малға толтырып қана қоймай, 10 000 000 теңге ұтып алды. 

Qunar +
Фото: Qunar + жобасын ұйымдастырғандар

«Қорамызда 62 қой мен қозы, екі сиырымыз бар»

Ақсеңгір ауылының тұрғындары Оралбек Босбаев пен Дильфуза Жұмабекова үш қыз бен екі ұл өсіріп отыр. Балаларының алды 9-класқа көшкен, кенжесі екі жарым жаста. Дильфуза үй шаруасын істейді, ал Оралбек жүк көлігін жүргізеді. Олар Qunar+ бағдарламасы туралы ауылдасынан естіп, қатысуды жөн көріпті. Көпбалалы отбасы алғашында жобаға сенбей, күмәнмен қарағанын айтады.

Әуелде «Сонда бір жыл бойы түсірілім бола ма?» «30 қойды шынымен бере сала ма?» «Жоба біткен соң, тартып алар қояр» деген ой мазалады. Дегенмен жобаны ұйымдастырғандар мақсатын егжей-тегжей түсіндірген соң, күмәнім сейілді. Сөйтіп, тәуекелге бел буып, қатыстық, — дейді Дильфуза. 

Дильфузаның айтуынша, олар бір-екі жетім қозыны баққаны болмаса, бұған дейін мал шаруашылығымен айналысып көрмеген. Бұрын қаржылай мүмкіндігі болмай, пәтер жалдап тұрған әрі балалары кішкентай болған, сондықтан мал шаруашылығын табыс көзі етуді ойламапты. Qunar+ бағдарламасы берген малды алғашында үйінің айналысында бағыпты. Екі сиырын таңертең ауылдағы сиырлардың табынына қосып жіберіп, кешке күтіп алады екен.

Дәл сол кезде күйеуімнің жұмысы уақытша тоқтап тұрған еді. Сондықтан екеуіміз екі жақтап, кейде үлкен балаларымыз қосылып, малды бірге бақтық. Малдың астын тазалауды, жем-шөп беруді, оны күтіп-бағуды үйрендік. Жобада мал шаруашылығы бойынша сарапшы Жәнібек Кенжебаев кеңес айтып, бағыт-бағдар беріп отырды. Мысалы, қай малға қашан, қалай, қандай вакцина салу керек, қандай чип орнату керек және тағы басқаны үйретті, — дейді Дильфуза. 

Реалити-шоуда әр отбасыға көмек беріп, қолпаштап отыратын блогер-тәлімгері болған. Босбаевтар әулетіне Дәке деген лақап атпен танымал блогер Дәулет Исраил түскен. Дильфуза Дәке жақынындай болып кеткенін, мал басын көбейтіп, жеңіске жетуге ықпал еткенін айтады. 

Дәке мал бақпаған, қаланың баласы екені көрініп тұр. Соған қарамастан өте қарапайым әрі ашық-жарқын жігіт екен. Жобаның басынан-ақ етене араласып, тіл табысып кеттік. Жоба кезінде ұйымдастырушылар логикаға, шапшаңдыққа, төзімге, күшке қатысты түрлі байқау өткізді. Сол ойында бірінші орын алған отбасы үшінші орын алған отбасының бір қойын алып қоятын еді. Алғашында біз ұтылып, бірнеше қойымыздан айырылып қалдық. Кейін Дәке ынта-жігерімізді ашып, өзі де белсене қатысып, қойымыздың санын қайта еселеуге көмектесті, — дейді Босбаевтар отбасының анасы. 

«Бірнеше жыл мал бақсақ, кейін олар бізді бағады екен»

Жоба соңында үш отбасы мал шаруашылығының қыр-сырын меңгеріп, бір жыл ішінде қызығы мен шыжығын бастан өткеріп, жалпы 93 қозы мен 3 бұзау өсірген. Оның ішінде Босбаевтар отбасының отыз қойы 32 қозы туған. Арасында егіз қозысы да бар екен. Сөйтіп, бұл отбасы мал басы санын 64-ке жеткізіп, ең жоғары нәтиже көрсетіп, жоба жеңімпазы атанып, 10 000 000 теңге ұтып алды. Бұл малдың бәрі қатысушылардың өзінде қалады. Ал ақшалай сыйақыны ұтып алған жеңімпаз отбасы оны мал шаруашылығына жұмсай ма, әлде басқаға ма — өз еркі. 

Qunar +
Фото: Qunar + жобасын ұйымдастырғандар

Балаларымыздың алды мектеп бітіріп, жоғары оқу орнына түсуіне аз қалды. Сондықтан ұтып алған ақшаны қаладан үй алуға жұмсапақпыз. Дегенмен мал шаруашылығына қол сілтедік деген сөз емес. Қайта мал берекелі іс екенін түсіндік. «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады» деген рас екен. Осы бар малымызды өсіріп, кейбір қошқар мен қозыларды сатып, орнына саулық қойлар алып, мал санын көбейткіміз келеді. Сиырларымызды да бұқамен қостық, бұйырса, қысқа таман бұзаулап қалар. Кейін бұл сиырлар сүт те береді, — дейді Дильфуза Жұмабекова. 

Qunar +
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазір Оралбек Босбаев бұрынғы жұмысын істеп жүр. Күн жылыда малды көрші шопанға тапсырып, жайылымға жібереді екен. Ал қыс мезгілінде өздері бақпақ. 

Шопанға айына мал басына 1000 теңге төлейміз. Бұл — шамамен 64 мың теңге. Бұл ақша қайда кетпей жатыр? Есесіне малымыз кең далада жап-жасыл әрі құнарлы шөпті жеп, жақсылап бордақыланады. Ал қыста өзіміз қорада бағамыз. Қазірден бастап қыстың қамын ойлап, аз-аздан жем-шөбін алып қойып жатырмыз. Жолдасым алдағы бірнеше жылда мал басын көбейтіп алсақ, жұмыстын тастап, тек мал шарушалығына бет бұрсам дейді. Шынымен, малда береке бар екен. Бірнеше жыл мал бақсаң, кейін ол сені бағады екен, — дейді Дильфуза Жұмабекова.

Qunar +
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Qunar+ жобасы Қазақстанда мал шаруашылығы қаншалық тиімді табыс көзі екенін көрсетеді

Жоба авторларының бірі, мал шаруашылығы бойынша сарапшы Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, Қазақстанда ауыл шаруашылығына жарайтын 185 миллион гектар жер бар. Алайды оның 40%-ы ғана игерілген, ал қалған жарамды жерлер бос жатыр. Еліміздің кей өңірінде жұмыссыздық мәселесі бар. Qunar+ Creative командасы осы мәселені ескеріп, қоғамның, мемлекеттің назарын мал шаруашылығына аударғысы келген.

Жәнібек Кенжебаев
Жәнібек Кенжебаев. Фото: Qunar+

Өкінішке қарай, елімізде ешкім мал шаруашылығымен айналысқысы келмейді. Көбі қалаға барып, жұмыс істегісі келеді. Алайда барлық адам қалада тіршілік етіп кете алмайды. Бірнеше жылдан соң, ауылына қайтып жатады. Ал ол кезде ауылда сенер ештеңесі болмайды: мансап та, мал-мүлік те, пәтер де жоқ. Мұндай жағдайда елде қылмыс саны да, жұмыссыздық та көбейеді. Жобамыздың мақсаты — азаматтарға басқа да табыс жолын, мал шаруашылығын дамыту қаншалық тиімді екенін көрсету. Мәселен, өз басым Қостанай облысы, Амангелді ауданында малмен айналысамын, қожалықтың басшысымын. Ауданымыз — әлеуметтік жағдайы төмен өңір. Өңірде зауыт, фабрика жоқ. Сондықтан тұрғындардың негізгі табысы — мал шаруашылығы, — дейді сарапшы. 

Qunar +
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Сөйтіп, 35 бөлімнен тұратын Qunar+ реалити-шоуын режиссер Қуаныш Бейсекпен бірлесіп түсірген. 

Қуаныш Бейсек, режиссер
Қуаныш Бейсек. Фото: Qunar+

Фермерлік – бізге ең жақын сала, әсіресе, мал шаруашылығы жақын. Климатымыз тым континенталды, жеріміз де әрдайым егіншілікке қолайлы емес. Ал малға таптырмас жағдай бар, бұл — дала, кеңістік, шексіз жайылым. Мал шаруашылығын Қазақстан үшін тиімді бағыт қана емес, ең дұрыс әрі табиғи жол деп санаймын. Сол үшін Qunar+ жобасын бастап, жастар арасында мал шаруашылығын кеңінен насихаттауды қолға алдық, — дейді Қуаныш Бейсек.

Qunar +
Фото: Qunar + жобасын ұйымдастырғандар

Автордың айтуынша, әдетте көпбалалы отбасында ата-ананың бірі жұмыс істеп, екіншісі үйде бала тәрбиесімен отыруға мәжбүр. Көпбалалы отбасында адам көбірек болған соң, сапалы өмір сүру үшін көп табыс қажет. Сондықтан жобаға қатысушы ретінде көпбалалы отбасылар таңдалған. Алайда Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, Qunar+ жобасы оларға «балық емес, қармақ берген». 

Президент көмекшісі Тамара Дүйсенова Алматы облысындағы ауылды, үш отбасыны таңдауға көмектесті. Qunar+ жобасына отбасыларға 30 қой мен екі сиыр таратып беруге, бір жыл бойы жем-шөбін, басқа керек-жарағын алуға, қорасын салуға, жалпы жобаның шығынын өтеуге Kusto Groups қолдау көрсетті. Бір жыл бойы отбасыларға мал шаруашылығына қатысты бар білгенімді үйретіп, көрсеттім. Оны әрі қарай дамытып әкету, мал басын көбейту немесе оны сатып жіберу қатысушылардың қолында болды. Дегенмен бір жылға созылған жобадан үш отбасы қалай малдың бабын тауып, оны көбейтіп, мал шаруашылығына қызыққанын көрдік. 19 шілдеде Алматыда Qunar+ Etno Fest ұйымдастырдық. Оған 3000-нан астам адам жиылды. Іс-шарада жоба жеңімпазы Босбаевтар отбасына 10 миллион теңге табыстадық, — дейді Жәнібек Кенжебаев. 

Qunar Creative компаниясының тең негізін қалаушы әрі жетекшісі Ақерке Тәтішеваның айтуынша, олар Qunar+ арқылы жерді тиімді қолдану маңызды екенін көрсеткісі келген.

Ақерке Тәтішева, Qunar+
Ақерке Тәтішева. Фото: Qunar+

Мал шаруашылығы қазақ халқы үшін өмір салты, әр отбасының мақтанышы болған. Кеңестік реформалардан кейін жермен және төрт түлікпен байланысымыз өзгерді. Қазір балаларға «Жақсы оқымасаң, мал бағасың» дейді, бұл фермерлікке менсінбей қарағаннан шығады. Ал Qunar+ арқылы керісінше екенін көрсеткіміз келеді: бүгінгі таңда жерді қолдану — абыройлы, заманауи әрі табысты іс. Ауыл шаруашылығы ата-аналар да, балалар да мақтан тұтатын кәсіпке айнала алады. Қазақстанда алғаш рет фермерлік туралы еш жасандылықсыз реалити-шоу жасадық: шынайы отбасылар, ауыл, қой мен сиыр және еңбектің нәтижесі. Кең байтақ жайылым, мал шаруашылығындағы дәстүр және өсіп жатқан инвестиция арқасында Қазақстан ет өндірісінде әлемдік көшбасшы бола алады, — дейді Ақерке Тәтішева.

«Жаңа технологияларды қолданып, асыл тұқымды ірі қара малды көбейту керек»

Qunar+ жобасы авторының айтуынша, Қазақстанда және Орталық Азияда ірі қара малды өсірумен, мал шаруашылығымен айналысқысы келетіндер азайып жатыр. Ал әлемде адам саны, керісінше, көбейе бермек. Экономика заңы бойынша, ірі қара малға, оның етіне сұраныс артып, бағасы күрт қымбаттайды. Сол себепті Қазақстанда асыл тұқымды ірі қара малды көбейтіп, мал шаруашылығын дамыту керек. Ол үшін жаңа технологияларды тиімді қолдану қажет.  

Қазақстанда жеті миллион ірі қара мал болса, Бразилияда 230 миллион ірі қара мал бар. Айырмашылық неге үлкен? Себебі олар жаңа технологиялар арқылы малдың денсаулығын дұрыс қарайды, санақты, генетикалық жұмысты дұрыс жүргізеді, сөйтіп төлді көп алады. Ал біздің елімізде ірі қожалықтар ғана технологияларды пайдаланады да, мал ұстайтын қарапайым тұрғындар мұны білмейді. Себебі бұл туралы ақпарат аз, түсінік те, қаражат та жоқ. Сондықтан біз мал шаруашылығында қандай технология қолдануға болады, малды қалай асылдандыру керек, қандай вакциналар бар, ауырып қалған малды қалай емдеу керек — осының бәрін осы жоба арқылы айтып бердік, — дейді Qunar+ жобасының авторлары. 

Qunar +
Фото: Qunar + жобасын ұйымдастырғандар