Басты бетЖаңалықтарПрезиденттің тапсырмасымен жаңа кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілді

Президенттің тапсырмасымен жаңа кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында атап өткендей, газ саласында қуаттылықты кеңейту және газ тасымалдау бағыттарын әртараптандыру қажет. Үкіметтің басты міндеттерінің бірі — халық пен экономиканы газбен қамтамасыз ету.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженовтің айтуынша, дамудың ағымдағы кезеңіндегі саланың негізгі міндеті — бекітілген «Газ саласын дамытудың 2029 жылға дейінгі кешенді жоспары» шеңберінде ресурстық базаны кеңейту және қайта өңдеуді дамыту.

«Рожковское, Шығыс Өріктау және Анабай жаңа кен орындары өнеркәсіптік пайдалануға берілді. Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында және Жаңаөзен қаласында ірі газ өңдеу зауыттарының құрылысы жүргізілуде. Қашағандағы қуаттылығы жылына 1 млрд м3 ГӨЗ құрылысын аяқтау 2026 жылға жоспарланған. Сонымен қатар осы жылдың мамыр айында «Бейнеу — Бозой — Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісінің құрылысы басталды, бұл біздің газ тасымалдау жүйемізді айтарлықтай нығайтады», — деді Е.Ақкенженов.