Басты бетPushҮржар ауданында балаларды қаққан жүргізушінің ұлы: "Әкемнің жүрек талмасы ұстап қалған"

Үржар ауданында балаларды қаққан жүргізушінің ұлы: «Әкемнің жүрек талмасы ұстап қалған»

Не болды?

19 тамызда Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші алты баланы қағып кеткен еді. Үш бала қаза болып, үшеуі ауруханаға жеткізілген.

Жүргізушінің ұлы Ерқанат Серікұлы «Информбюроға» сұхбат берген. Жүргізуші — 20 жыл автобус айдаған маман.

Мәлімет

Әкемнің жүрек талмасы ұстап қалған. Қасында анам отырған. Өте қайғылы жағдай болды, көңіл айттық. Олардан кешірім сұраймыз. Олар да жағдайды түсініп отыр. Ешкім мұндаймен сыналмасын, мұндайды ешкім күтпейді ғой, — деді Ерқанат Серікұлы.

Аман қалған үш баланың екеуі Астана қаласындағы №2 Көпбейінді қалалық балалар ауруханасына жеткізілді. Ал тоғыз жасар қыз бала Абай облысының бас штаттан тыс анестезиолог-реаниматологы Д.Кәрімовтың бақылауымен хәлі тұрақталғанша  стационарда жатады.

Контекст

19 тамыз күні сағат 16:00 шамасында Абай облысы, Үржар ауданы, Бестерек ауылында 55 жастағы жүргізуші рульге ие бола алмай, қақпа алдында ойнап жүрген балаларды қағып кеткен.

Екі бала оқиға орнында қаза болды, біреуі ауруханаға барар жолда көз жұмды. Тағы үш жасөспірім түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

20 тамызға қараған түні Тоқаевтың тапсырмасы бойынша, балаларға медициналық көмек беру үшін қорғаныс министрлігінің С-295 әскери-көлік авиациясының ұшағымен медициналық бригада ұшып барды.

Денсаулық сақтау министрлігі балалардың хәлі ауыр деп отыр.

Балалардың жасы — 2-9 жас арасында.