«Қазгидромет» РМК синоптиктерінің 20 тамызға арналған қауіпті метеорологиялық құбылыстарға болжамы жарияланды.
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс циклоны және онымен байланысты атмосфералық фронттар Қазақстанның солтүстігіне, солтүстік-батысына және орталық өңірлеріне өз ықпалын сақтайды. Бұл аймақтарда найзағайлы жаңбыр жауып, солтүстік пен солтүстік-батыста бұршақ түсуі мүмкін.
Республиканың батысында, оңтүстігінде және шығысында антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Ел аумағы бойынша жел күшейеді. Солтүстік, батыс және орталық өңірлерде түнде және таңертең тұман түссе, оңтүстікте шаңды дауыл тұрады, — делінген хабарламада.
Алматы облысының оңтүстік-шығысында, Жетісу облысының шығысында, Ұлытау облысының шығысында, Атырау облысының солтүстігі мен оңтүстігінде, сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының оңтүстік-батысында өрт қаупі жоғары болады деп күтілуде.
Сонымен қатар Түркістан, Қызылорда, Маңғыстау, Жамбыл облыстарында, Батыс Қазақстан облысының батысында, Алматы облысының шығысы мен батысында, Атырау облысының батысы мен шығысында, Қостанай, Қарағанды және Ақтөбе облыстарының оңтүстігінде төтенше өрт қаупі күтіледі.