Мазмұнға өту
Басты бет / Қоғам /

Енді қыз алып қашқандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады

Қыз алып қашу. (Қырғызстандағы Қыздарды қорғау институты қоғамдық ұйымының көрнекі суреті).
Қылмыстық кодекске некеге тұруға мәжбүрлеу үшін қылмыстық жауаптылық көзделген жаңа 125-1-бабы енгізілді. Бұл туралы бас прокуратура хабарлап отыр.

Аталған заңға мемлекет басшысы 2025 жылғы 16 шілдеде қол қойды.

Мәжбүрлеу, әсіресе қысым, қорқыту, психологиялық немесе физикалық зорлық көрсету – бұл адамның негізгі құқықтарын бұзу болып табылады.

Бас прокуратураның мәліметінше, көптеген елде мұндай әрекет ауыр қылмыс ретінде қарастырылады, себебі мәжбүрлі неке оқшаулау, еркіндікті шектеу, зорлық-зомбылық және кейбір жағдайларда құрбандардың өз-өзіне қол жұмсау әрекеттерімен қатар жүруі мүмкін. Тіпті бірқатар елде мұндай неке адам саудасының бір түрі ретінде танылады.

Кейінгі бес жылда Қазақстанда осындай 257 қылмыстық іс тіркелді, олардың 95%-ы тоқтатылды. Жаңа заңнамаға сәйкес, қорқыту, бопсалау, күш қолдану немесе басқа да қысым көрсету арқылы некеге мәжбүрлеу үшін екі жылға дейін, ал егер ауыр зардаптар болса – 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделеді, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар қылмыстық кодекстің 125-бабына өзгерістер енгізіліп, жәбірленушіні ерікті түрде босатса да, істі тоқтатуға жол берілмейді. Енді мәжбүрлі некеге тұру мақсатында әйелді ұрлау қылмыстық кодекстің 125 және 125-1-баптарының жиынтығы бойынша сараланады.

Exit mobile version