Мемлекет басшысының тапсырмасымен БҚО-да 1 500 орындық жаңа мектеп ғимараты бой көтеріп, 2025–2026 оқу жылына дайындық шеңберінде 1-класқа 8 класс-комплекті жасақталды.
Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
«Келешек мектебі» білім беру саласындағы пилоттық ұлттық жоба сының мақсаты — үш ауысымдық оқытуды болдырмау, апатты мектептерді жою, оқушы орындары тапшылығын шешу, білім беру саласындағы теңсіздікті азайту және жаңа стандарттарға сай оқу ортасын қалыптастыру. Жаңа №52 жалпы орта білім беретін мектеп 2025 жылғы 17 ақпанда ресми түрде ашылып, білім алушыларды қабылдай бастады.
Мектеп үш қабаттан және 10 блоктан тұрады. Бастауыш, орта және жоғары кластар жеке блоктарда орналасқан. Қауіпсіздік шаралары жоғары деңгейде: 180 бейнебақылау камерасы, дыбыстық хабарлау жүйесі, турникеттер және автоматты құлыпталатын есіктер орнатылған. Өрт қауіпсіздігі үшін арнайы брондалған бөлме қарастырылған. Ерекше қажеттіктері бар балалар үшін де қолайлы жағдайлар жасалған — пандустар, лифт, арнайы санитарлық тораптар мен инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істейді, — делінген хабарламада.
Мектепте заманауи пәндік кабинеттер, STEM-зертхана, биотехнология, нанотехнология және физика бойынша зертханалар, IT-сынып, лингвистикалық кабинеттер қарастырылған.
Сонымен қатар оқушылардың шығармашылық дамуы үшін хореография залдары, коворкинг алаңдары, оқу залы бар кітапхана, дизайн және технология шеберханалары, «Үй мәдениеті» және «Тамақтану мәдениеті» шеберханалары орналасқан. Мектепке 70 интерактивті тақта, 116 ноутбук және 170 компьютер берілді. Барлық оқу кабинеті қажет құрал-жабдықтармен толық қамтылған, — делінген хабарламада.

Дене шынықтыру мен сауықтыруға арналған төрт спорт залы бар:
- Орта және жоғары кластарға арналған үлкен спорт залдар – 612,31 м² және 151,36 м²;
- Бастауыш кластарға арналған – 149,52 м² және 149,53 м²;
- Мектеп ауласында футбол, волейбол, баскетбол алаңдары мен жүгіру жолдары орналасқан.
Оқушылар мектеп өміріне бейімделу үшін арнайы «Балақайлар мектебі» даярлық курсына қатысып жатыр. Қазіргі таңда бұл курсқа 156 бала қатысып жатыр. Бұл бағдарлама баланың есте сақтау, сөйлеу, жазу, моторика, шығармашылық дағдыларын ойын арқылы дамытуға бағытталған.
4-ші тамыз күні «Балақайлар мектебі» №52 жалпы білім беретін мектебінде басталды. Ең алғашқы күннен бастап «Балақайлар мектебіне» мектепалды даярлық сыныбын бітірген оқушылар және жаз бойы осы мөлтек аудан бойынша 1-ші класқа қабылданған оқушылар барлығы белсенді келді. Сабақтарымызда ойын технологияларын қолдана отырып , 1-ші класқа келген оқушылардың қорқынышын басу мақсатында психологиялық тренингтер, саяхат сабақтар, платформалар қолдана отырып есептеулер, оң -солын ажыратуға арналған тапсырмалар, логикалық ойлауын қалыптастыратын тапсырмаларға бағытталған жұмыстар жүргізіліп жатыр — деді мектептің бастауыш класс мұғалімі Ұлжан Калиева
Бүгінде мектепте 1 480 оқушы білім алып жатыр. Жаңа білім ұясы – тек білім ордасы ғана емес, оқушының жан-жақты дамуына арналған заманауи әрі қауіпсіз орта. «Келешек мектеп» жобасы арқылы еліміздің болашағы – жас ұрпаққа сапалы білім алуға барлық мүмкіндік жасалып жатыр.