Кейінгі кезде әлжеліде ChatGPT-ден көмек сұрап, оны досы, психологына айналдырып алған тренд басталды. Психоаналитик Мануел Мартинез мұның соңы жақсылыққа апармайтынын айтып отыр.
Мануел Мартинез — 2018 жылы Испаниядан Қазақстанға көшіп келген психоаналитик. Кейінгі бес-алты жылда ChatGPT-терапия, бот-терапия қаупін зерттеп жүр.

ChatGPT = бақсы

Әдетте, бақсы, балгерлер алдына ақша төлеп келген адамға жақсы нәрсені ғана айтады. Цифр заманында оларды осы ChatGPT алмастырып отыр. Өйткені ChatGPT адамның ыңғайына қарай, естігісі келгенін айтады. Ата-анасымен, сүйіктісімен, досымен ұрсысып қалған қолданушы жазса, оның жанын ауыртпауға тырысып әрі өзіне қайта жазбай қоймасын деп, ақпаратты бұрмалап жеткізеді. Сөйтіп, қолданушының проблемасын ұлғайта түседі. ChatGPT адамды сынамайды, — дейді Мануел Мартинез.

Психоаналитик Мануел Мартинез
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Қолданушылар ChatGPT-ден көбіне не сұрайды?

Психоаналитиктің айтуынша, қолданушылар чаттан көбіне түс жорып беруді, жолдасымен, сүйіктісімен ұрсысып қалып, сол проблеманы шешіп беруді сұрайды.

ChatGPT — алгоритм. Біз — оның ақпарат берушіміз. Оны қолданған сайын біз туралы ақпаратты алып алады да, бірнәрсе сұрағанда естігіміз келгенді айтып отырады. Өйткені ол біздің психологиялық портретімізді біледі, — дейді психоаналитик.

Маман ChatGPT5-ті бомба дейді. Өйткені бұл — алдыңғы ChatGPT3, ChatGPT4-тің ең мықты түрі. Оның алгоритмінде осы чатты қолданатын барлық адамның психологиялық портреті бар, тіпті ол біздің қандай да бір құпиямызды біледі.

Психолог пен ChatGPT-ді салыстырайық

ChatGPT бас кезде көмектесер, ол мүмкін. Алайда әрі қарай оны терапевт қылып алу қауіпті. Жолдасыңызбен ұрсысып қалып, соны ChatGPT-мен талқылап отырғанда, ол «күйеуіңіз — жаман адам» деп сіздің жағыңызға шығып, түбі ажырасуға жеткізуі мүмкін, — дейді психоаналитик.

Ол ChatGPT-дан терапия алу Қазақстанда көптеп таралған жалған немесе дайындығы аз психологтармен сөйлескенмен бірдей екенін айтты.

Сауатты, жақсы психолог сізді тыңдап қана қоймайды. Бет-бейнеңізді көреді, интонацияңызды тыңдайды, өзіңізді қалай ұстағаныңызды байқайды, өзіңіз айтпайтын, білмейтін бейсанадағы ақпаратты ұғады. ChatGPT мұның бірін де істемейді. Ол тек жазғаныңызды оқиды да, айтқан ақпаратыңызға қарай диагноз қойып жатады.

ChatGPT адам болса, диагнозы қандай болады?

ChatGPT — ақымақ данышпан. Бұл адам болса, өмір бақи кітапханадан шықпаған адам болар еді. Шын өмірден хабары жоқ, эмоциялық интеллектісі таяз, алайда білім интеллектісі жоғары, ақпарат әлемінде күн кешетін жан болар еді, — дейді Мануел Мартинез.

Психоаналитик Мануел Мартинез
Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Мануел Мартинез 17 жыл бойы аптасына төрт рет психоаналикке барып, терапия алған.

Терапия біткен соң психологымнан «Осы менің диагнозым қандай екен?» деп сұрадым. Сонда психологым маған қарап тұрды да, «Сіз сәл-пәл ақымақсыз» деді (күліп). «17 жыл терапия алдың, саған басқа не керек?» деп тұр ғой енді. Ал ChatGPT бұлай айтпас еді. Ол менің естігім келгенді ғана жеткізер еді, — дейді маман.

ChatGPT-терапиядан қалай құтылуға болады?

Психоаналитиктің айтуынша, ChatGPT-терапия — тәуелділік, былайша айтқанда, әлеуметтік порно.

Адам ChatGPT-терапиямен «емделіп жүріп», ақыры соңында паникалық атака, өзін өлтіру туралы ой болса, психиатрға немесе неврологқа баруы керек. Мұндай ауыр жағдайда дәрілей көмек беріледі. Ал адам шынайы өмірді ажыратып, ChatGPT-мен психологы сияқты сөйлесу қате екенін ұқса, шын психологқа барғаны жөн.

Әлемде психологтар жұмысының 50%-ын чат-боттар атқарып отыр

Психологтардың жарты жұмысын чат-боттар атқарып отыр. Олар адамға шұғыл көмек керек болғанда, көмектеседі. Бұл, бір жағынан, жақсы. Себебі бір сәтте 1000 жасөспірім колл-орталыққа хабарласып, суицид жасауды ойлағанын айтса, оператор оларға чат-ботқа хабарласуды сұрайды. Сөйтіп, шұғыл жағдайда чат-боттардың пайдасы көп, — дейді Мануел Мартинез.

Еуропа елдерінде чат-боттардың көмегі медициналық сақтандыруға кіреді.

Дегенмен чат-боттар адамның әлеуметтен алыстап, оқушаулануына ықпал етіп отыр. Оған қоса адамның кімдігін бұрмалап, шын өмірден алшақтап кетуіне де әсер етіп жатыр. Орта жастағы ер адам өзін 15 жастағы қыздай сезінгісі келіп, әлжелідегі аватарларын өзгертіп, адамдармен жасөспірім қыз болып танысады. Сол қалпын өміріне де енгізе бастайды. Сөйтіп, шын өмір мен қиялды ажырата алмай, психикасы бөлшектеніп кетеді, — дейді маман.

Мануел мырзамен сұхбаттасуға көмектескен психолог Миргүл Бимағамбетоваға алғыс айтамыз.

***

Психоаналитик: Суицидтің себебі — түңілу, күйзеліс, агрессия