Басты бетЖаңалықтарПрезидентке Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы есеп берілді

Президентке Қостанай облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы туралы есеп берілді

Мемлекет басшысы Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа өңірдің биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық даму барысы мен алдағы кезеңге арналған жоспары баяндалды.

Құмар Ақсақаловтың айтуынша, облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары 1,82 триллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,3%-ға жоғары. Құны 337 миллиард теңге болатын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Осы арқылы 3,4 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Маңызды жобалардың қатарында жылына 70 мың автокөлік шығаратын KIA зауыты көп ұзамай іске қосылады. Бұл жаңадан 1 500 жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жүк автомобильдеріне жетекші белдем өндіретін «Камлит.KZ» зауыты бар. Жобаның инвестиция көлемі — 160,5 миллиард теңге. Онда 550 жұмыс орны ашылады. Бұдан бөлек, Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.

Мемлекет басшысына жыл басынан бері өңірде 22 әлеуметтік нысан іске қосылғаны туралы мәлімет берілді. Жыл соңына дейін тағы 29 әлеуметтік нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту аясында облыста су тарату және су бұру жүйелеріне қатысты 54 жоба іске асырылып жатыр. Қала халқының 99 пайызы, ал ауыл тұрғындарының 91,3%-ы орталықтандырылған су құбырына қосылған.

Биыл облыстың көлік инфрақұрылымын дамытуға 102 миллиард теңге бөлінген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 40%-ға артық. 1300 шақырым автожолға, соның ішінде жеті республикалық трассада құрылыс, реконструкция және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жезқазған—Петропавл учаскесінің реконструкциясы аяқталуға жақын. Қостанай—Мамлют жолы толық жаңарды. Екатеринбург—Алматы бағытындағы Сарыкөлден Ақмола облысының шекарасына дейінгі учаскеде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Елді мекендердің көшелері мен жолдарын жақсартуға айрықша көңіл бөлінеді. Бюджеттен 103 ауылдағы 400-ден астам көшені жөндеуге 29 миллиард теңге бағытталды. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,5 есе көп.

Кездесу соңында президент инвестиция көлемін одан әрі арттыру, өнеркәсіп пен аграрлық секторды дамыту, әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғырту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту қажеттілігіне назар аударды.

Қасым-Жомарт Тоқаев жылыту маусымына әзірлікті уақтылы аяқтап, күзгі жиын-терін науқанын сапалы ұйымдастыруды, сонымен бірге ауыл тұрғындарының ауызсуға қолжетімділігін арттыру үшін жүйелі шаралар қабылдауды тапсырды.