Биыл жеті айда елде 4 655 есірткіге қатысты құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 2100-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады.
Бұл туралы ІІМ хабарлап отыр.
Есірткіні жасырушылардан бастап оны таратуды ұйымдастырушыларға дейінгі қылмыстық схемалар ашылды. 24 қылмыстық іс қозғалып, оның ішінде үш трансұлттық ұйымдасқан топ жойылды. Нәтижесінде 12 жетекші мен 48 белсенді қатысушы ұсталды.
ІІМ Ресей Федерациясымен бірлесіп, ел аумағында бірнеше есірткі зертханасын ұйымдастырған күдіктіні қолға түсірді. Ол өткен жылдан бері халықаралық іздеуде болған.
- 11 тоннадан астам есірткінің айналымға түсуіне жол берілмеді;
- Синтетикалық есірткі көлемі үш есеге артып, бір тоннадан асты;
- 322 есірткі өсіру фактісі тіркелді;
- 76 контрабанда дерегі анықталды;
- Жастар арасында танымал 20 мың есірткі сайты бұғатталды;
- Күдікті операциялармен байланысты 38 мың банк картасы бұғатталды (шоттарында 2,5 млрд теңге болған);
- 102 есірткі зертханасы жойылды (11-і синтетикалық өндіріс, 91-і фитозертхана).
ІІМ мәліметінше, есірткі бизнесіне келтірілген жалпы шығын 110 миллион АҚШ доллар болды. ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті төрағасының м.а. Данияр Мейірханның айтуынша, есірткіге қарсы күрес бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.