Алматы облысында полицейлер жүгері алқабының арасына жасырын есірткі өсірген тұрғынды әшкереледі. Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
15 тамызда «Қарасора-2025» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында Еңбекшіқазақ ауданында арнайы операция жүргізілді. Операция нәтижесінде 36 жастағы жергілікті тұрғын ұсталып, полиция бөліміне жеткізілді.
Тексеру барысында жалпы аумағы 4,5 гектарды болатын шаруа қожалығының жерінен жасырын плантация анықталды. Жүгері алқабының арасында 233 түп қарасора егілгені белгілі болды. Сонымен қатар арнайы жасырылған жерден марихуана тұқымдары салынған 58 пробирка тәркіленді.
Тәркіленген өсімдіктер сот-химиялық сараптамаға жолданды. Сараптама қорытындысына сәйкес, олардың жалпы салмағы 49 келіден асты, – делінген хабарламада.
Қазіргі таңда күдікті Шелек қаласының полиция бөліміне жеткізіліп, оған қатысты қылмыстық іс қозғалды.