Не болды?
Мемлекет басшысы 15 тамызда АҚШ президенті Доналд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путиннің Аляскада кездескеніне қайтысты пікір айтты. Бұл туралы Ақорда хабарлап отыр.
Мәлімет
Қазақстан Ресей мен АҚШ президенттерінің Анкоридждегі кездесуін Украина бойынша ең жоғары деңгейдегі келіссөздер үдерісінің бастамасы ретінде құптайды. Олар қазіргі заманның ең басты проблемаларына, соның ішінде Украинадағы әскери іс-қимылдарды тоқтатуға қатысты ортақ шешім табуға шынайы ниетті екенін көрсетті, — делінген хабарламада.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл тарихи саммит екі ел басшыларының саяси ерік-жігерінің арқасында мүмкін болды деп санайды.
Контекст
15 тамызда Доналд Трамп пен Владимир Путин Аляскадағы әскери базада кездескен еді. Екі басшы Ресей мен Украин соғысын талқылады. Путин келіссөз өзара сыйластықпен өткенін айтты.
Трамп Путинмен әлі келісімге келмегенін айтты.
Біз әзірше толық түсіністікке жетпедік. Әзірше ешқандай мәміле жоқ, — деді ол.
Алайда кездесу өте нәтижелі және өте терең болғанын айтып өтті. Трамп кездесуден кейін Еуропа лидерлері мен Украина президенті Владимир Зеленскийге телефон соғатынын айтты.