Бүгін Оралда ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды оқиғалардың бірі – «AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» тұңғыш халықаралық форумы басталды.
Форумның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, парламенті мәжілісінің аграрлық комитет төрағасы, «Ауыл» партиясының төрағасы Серік Егізбаев, премьер-министр кеңесшісі Ералы Тоқжанов, парламенті мәжілісінің депутаты Қарақат Әбден, ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин және министрліктерден өкілдер қатысты.
Форум жұмысына ел сарапшыларымен қатар Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Венгрия, Франция және Иран Ислам Республикасынан келген қонақтар, ғалымдар мен ауыл шаруашылығы саласының мамандары қатысып жатыр.

Форум аясында қой шаруашылығы өнімдерінің сапасын арттыру, жаңа технологияларды енгізу, мал шаруашылығындағы инновациялық тәсілдер, экологиялық тұрақтылық пен экспорттық әлеуетті кеңейту бағыттары кеңінен талқыланбақ.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөздерінде ауылдың әлеуетін арттыруға ерекше назар аударып келеді. 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы»деп жариялаған болатын. Бұл бастама – еңбек адамының мәртебесін көтеріп, нақты өндіріс пен кәсіптік-техникалық білім беру саласына жаңа серпін беруге бағытталған маңызды қадам, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.

«AUYL FEST. Қой шаруашылығы – 2025» халықаралық форумында ғылыми-практикалық конференциялар, көрмелер, тәжірибе алмасу алаңдары ұйымдастырылмақ.
Форум мақсаты – ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты нығайту, заманауи технологияларды енгізу арқылы отандық қой шаруашылығының бәсекеге қабілетін арттыру.