Фильм ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысы бойынша «Қазақфильм» киностудиясы «Sataifilm» компаниясымен бірлесіп түсіріледі.
Кастинг мамырдың 15-16-сы күндері сағат таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін Астана қаласындағы «Жастар» театрында өтеді. Театрдың мекен-жайы: Ілияс Есенберлин көшесі 10.
Ақан Сатаев «Тұмар» фильмін түсіреті туралы осыдан біраз уақыт бұрын ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің кеңейтілген отырысында айтқан еді.
«Осы жылы біз Мәдениет министрлігімен бірлесіп «Тұмар» тарихи фильмін түсіруді бастағалы отырмыз. Сапалы дүние шыққан жағдайда ол отандық көрерменнің де, шетелдік аудиторияның да қызығушылығына ие бола алатынына сенімдімін. Тұмар патшайым — әлемдік тарихтің барысына ықпал еткен тұлға. Кинопрокатымыздың географиясын кеңейту үшін мұндай жобаларды жасау керек деп санаймын. Себебі бұл елдің халықаралық имиджінің қалыптасуына оң әсер етеді», — деген еді режиссер.
Фильмнің түсірілім жұмыстары 2017 жылдың қазан айында басталып, 2018 жылдың ақпан айына дейін Қазақстан аумағында жүргізіледі.
Тарихи жобаның авторлары: Әлия Назарбаева мен Тимур Жақсылықов.
Естеріңізге сал кетсек, Сақ патшайымы Тұмардың есімі ежелгі жазбаларда Томирис деп көрсетілген. Б.з.д. 530-529 жылдары Мидия патшасы Кир көптеген елдерді өзіне бағындырып, «Азия әміршісі» атағына ие болып, Ұлы далаға қарсы жорыққа шықты. Шайқастардың бірінде Кир патшасы Томиристің жұбайы Рүстемды өлтіріп, Тұмардың баласы Сыпырды қолға түсірген. Тұтқында Томиристің ұлы да мерт болды. Ал Кир көшпенділерге елші аттандырып, олардың ханшасына өзіне тұрмысқа шығуын талап етеді. Тұмар Кир патшаның ұсынысын қабылдамай, оның басын қанға тұншықтыруға уәде етеді. Осыдан кейін патшайым парсыларға қарсы ұрыс жүргізіп, жеңіске жетеді. Сол кезде Тұмар парсылардың патшасы Кирдің басын шауып алып, қан толтырылған сабаға тығып: «Аңсағаның қан еді, іш енді соны!» — деп айқайлады. Бұл оқиғаны грек тарихшысы Геродот «ең кескілескен және ұлы шайқас» деп суреттеген.