Басты бетPush«Ауламызға ойын алаңын салып беріңізші». Степняк балалары әкімге өтініш айтты

«Ауламызға ойын алаңын салып беріңізші». Степняк балалары әкімге өтініш айтты

Не болды?

Ақмола облысы, Степняк қаласының балалары ауласында ойын алаңы жоқ деп, облыс әкімі Марат Ахметжанға бейнеүндеу жолдады. Балалар шыны сынығы мен шашылған тақта үстінде ойнауға мәжбүр.

Мәлімет

Балалардың айтуынша, Біржан сал көшесі, 20-үй ауласында ойын алаңы жоқ.

Өкінішке қарай, ауламызда ойнап, спортпен айналысып, көңіл көтеретін алаңымыз жоқ. Әдемі балалар алаңында уақыт өткізгіміз келеді, бірақ уақытымызды шыны сынықтары жатқан тақталардың  үстінде өткізуге мәжбүрміз. Бұл біздің денсаулығымызға өте қауіпті. Сол себепті сізден өтініп сұраймыз, ауламызға әдемі де заманауи балалар ойын алаңын салып берсеңіз екен, – дейді балалар видеода.

Контекст

Бұл жағдайға Степняк қаласының әкімі Самат Бермағамбетов түсініктеме берді.

2022 жылы үш жылдық жоба басталған. Жоба Степняк қаласындағы Біржан сал және Чапаев көшелеріндегі үйлердің іргелес аумақтарын абаттандыруға арналған. Алайда жобаны жүзеге асырушы «Еңбек Өскемен» РМК міндетін орындамаған. 2024 жылғы қарашада шартты бұзу туралы сотқа арыз бердік. Барлық құжат дайындалып, энергетика және ТКШ басқармасына тапсырылды. Жоба бюджеттен қаржы бөлінген соң жүзеге асады, — деп жазды Самат Бермағамбетов.

Анықтама

Степняк — Ақмола облысындағы Біржан сал ауданының орталығы. Қалада инфрақұрылым, әсіресе балаларға арналған қауіпсіз кеңістік аз. Мемлекет балаларға қолайлы орта жасауды басым бағыттардың бірі санайды, бұл міндетті жергілікті билік атқаруға тиіс.