Басты бетPushАлматыдағы «Тереңқұр» 20 жылдан соң алғаш рет жаңартылды

Алматыдағы «Тереңқұр» 20 жылдан соң алғаш рет жаңартылды

Алматының шығыс бөлігінде, Тәттімбет көшесі мен Достық даңғылына қатарласа созылып жатқан «Тереңқұр» демалыс аймағы ауқымды қайта жаңғыртудан өтті.

Бұл туралы қала әкімінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

Бұл қала тұрғындарының сүйікті серуен орнына айналған ерекше мекен. 4 гектардан асатын аумақта заманауи талапқа сай жайлы кеңістік жасалып, әр жастағы келушілерге арналған демалыс аймақтары бой көтерді. Жаңа жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, «денсаулық соқпағы» кеңейтіліп, жаңартылды, — делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметінше, ұзақ жыл қаңырап жатқан су айдыны тазартылып, бекітіліп, жағалауы көркейтілді. Өзен жағасында өнер сахнасы, қарсы бетінде ашық аспан астындағы амфитеатр пайда болды.

Белсенді демалыс үшін үш теннис үстелі, төрт шахмат үстелі және заманауи спорт жабдықтары орнатылған воркаут аймақтары жасалды. Балалар үшін екі заманауи ойын алаңы мен ойын экологиялық ойын аймағы құрылды. Саябақтың басты нышаны – алтын күмбезді аппақ ротонда ерекше түрге енді. Оның айнала қоршаған жолдар ілмелі гүлзарлармен безендірілді. Саябақ аумағына 30 жаңа орындық қойылып, автоматты суару жүйесі мен заманауи жарықтандыру орнатылды. Мұнда күн сайын 3500-ден астам қала тұрғыны мен турист келеді, — делінген хабарламада.