1991 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келгенмін. Ата-анам да осы қаланың тумалары. Бала күнімнен журналист болуды армандадым. 8 сыныпта оқып жүргенімде-ақ жергілікті телеарнадағы таңғы бағдарламаны жүргіздім.

Мектепті аяқтаған соң Алматы қаласындағы Сүлеймен Демирел атындағы университетке оқуға түстім. Кейін Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетіне ауысып келдім. Студент кезімде «Дарын» продюсерлік орталығында жұмыс жасадым. «ҚызықОрда» жастар бағдарламасын жүргіздім, редакторлық қызметтер атқардым. Журналистика саласында 10 жылдай еңбек еттім.

«Алғашқы кәсібім сәтсіз аяқталды»

Университетті аяқтаған соң «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасына баспасөз хатшысы болып жұмысқа кірдім. Осында жұмыс жасап жүріп кәсіпкерлікке деген қызығушылығым арта түсті. Бала күнімде өзіміздің азық-түлік дүкеніміз болатын. Сонда сауда жасағанды, ақша санағанды жақсы көретінмін.

Ботагөз Нұрлыбекқызы
©SZH.kz

Ұлттық кәсіпкерлер палатасында жұмыс істеп жүргенде өмірімде үлкен өзгерістер орын алды. «Ботагөз» деген атпен ұлттық қолөнер бұйымдарын сататын шағын дүкен аштым. Бұл дүкен «Жібек жолы» ойын-сауық орталығында орналасқан. Бірақ, алғашқы талпынысымда қиындықтарға кездесіп, бұл дүкен жабылып қалды. Ұлттық нақыштағы әмияндар мен әшекейлер аса арзан емес, себебі табиғи өнімнен жасалады.

Бизнестің бұл түрі аса қолайлы емес екенін түсіндім. Себебі, тұрақты клиенттер жинау қиынға соқты. Біздің өнімдер сапалы болды. Оны сатып алған тұтынушы кемінде 3-5 жыл бойы біздің  өнімді қолданады. Демек, дүкенімізге қайтып келу уақыты тым ұзақ. Сондықтан, күнделікті сұранысқа ие болатын бизнес бастауды жөн көрдім.

«Капиталды алдымен білімге салу керек»

Соңғы бір жылда сұлулық индустриясымен айналыстым. Өзімнің жеке салонымды 2017 жылдың басында ғана аштым. Оған дейін осы сала бойынша білім алып, тәжірибе жинадым. Тұрмысқа шыққан соң күйеуіме бизнес ашқым келетінін айттым. Ол үнемі маған қолдау білдіріп отырды. Алғашында балабақша ашайық деп ойладық. Кейіннен сұлулық салонына келіп тоқтадық. Алайда, бірден бас салып бизнес ашуға болмайды. Алдымен оның «асханасынан» өтуім керек болды. Сөйтіп, арнайы курстарды оқыдым. Кез келген бизнесте алғашқы капиталды білімге салу керек.

"Хабиби" сұлулық салон
©SZH.kz

Сұлулық салоны неге «Хабиби» деп аталады?

Жолдасым мені еркелетіп Хабиби деп атайтын. Сондықтан, сұлулық салонының атын осылай деп қойдық. Жолдасымның мамандығы заңгер. Маған барлық жағынан көмектесіп жүреді.

Менің енем де жас кезінде шаштараз болып қосымша ақша тапқан екен. Ата-енем де, жолдасым да қолдау білдірген соң бұл бизнес жемісті болып жатыр.

«Тек косметика алу үшін 200 мың теңге керек»

Сұлулық салонына келетін клиенттердің талабы да, талғамы да әр түрлі болады. Олардың сұранысын қанағаттандыру үшін косметиканың түр-түрін, бояудың түрлі-түстісін алу керек. Жалпы алғанда, сұлулық салонын тек косметикамен қамтамасыз ету үшін 200-300 мың теңге кетеді. Сұлулық салонын ашуға арналған мекемені жалға алу, визажистерді оқыту, құжаттарды реттеу жағы бар үлкен салон ашуға 1 миллион теңгедей қаражат керек.

Қазір 8 адамды жұмыспен қамтып отырмыз. Бәрі де оқыған, тәжірибелі мамандар. Сұлулық салоны адамдарға қызмет көрсету орталығы болғандықтан, мамандарды тек біліміне қарап емес, мінезіне, адамгершілігіне қарап та жұмысқа қабылдаймын. Себебі, бұл жерге әр түрлі клиенттер келеді. Олардың талабын орындап, ойлағанын жасау үшін мамандар көркем мінезді болуы керек. Бұл салонның атының, абыройының қалыптасуына да үлкен көмегін тигізеді.

Сұлулық салоны
©SZH.kz

Қазір қоғамда шаштараздар жетіспейді. Жақсы маман таппаған соң, өзімнің сіңлімді шаштараз мамандығын оқуға шақырдым. Ол келісіп, арнайы курсты оқып, бүгін менімен бірге жұмыс істеп жүр. Біздің салонда дәрігер, заңгер, есеп және аудит, туризм саласын меңгерген адамдар жұмыс істейді. Демек, мамандарымыздың барлығы жоғары білімді. Бірақ, қоғамдағы сұранысқа сай өз таңдауын, өмірлік бағытын өзгертіп, білімін жаңалап сұлулық индустриясы саласына бет бұрған. Бүгінде сұлулық саласында да жақсы білім алып, біліктіліктерін танытып жүр. Барлығы өз ісіне риза, жалақылары да жоғары.

«Кәсіпке деген махаббат — бизнестегі басты нәрсе»

Кейде салондағы әкімші де, бухгалтер де, еден жуушы да өзім болып кетемін. Алғашқы кәсібімнің сәтсіз аяқталғаны басы-қасында өзім жүрмегендіктен деп ойлаймын. Сондықтан, осы жолы қателік жібермеуге тырысамын. Кәсіпке деген махаббат — бизнестегі ең басты нәрсе.

Ботагөз Нұрлыбекқызы
©SZH.kz

«Мәңгілік компания құрғым келеді»

Мәңгілік өмір сүретін компания құру әрбір кәсіпкердің арманы ғой. Мен де «Хабиби» сұлулық салонының ғұмыры мәңгі болса екен деймін. Сұлулық салонына кірген әйел кештің қалай батқанын байқамай, демалып шығуы керек. Кейбір қыз-келіншектер тырнағымды ана салон, шашымды мына салон жақсы жасайды деп жатады. «Хабибиге» келген клиент барлық қызмет түрін жоғары бағалайтын және біздің мамандарға сенетін дәрежеге жеткізгім келеді. Осы ой — менің күнделікті тіршілігімдегі үлкен мотивация.

Сұхбаттасқан Дана Маратова, суреттер Дастан Қастай

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!