Басты бетЖаңалықтарҮкімет Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын дамытуға қомақты қаржы бөлді

Үкімет Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын дамытуға қомақты қаржы бөлді

Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын одан әрі дамытуға үкімет резервінен қаражат бөлінді. Премьер-министр Олжас Бектенов тиісті қаулыға қол қойды.

Бұл туралы үкімет хабарлап отыр.

«Қазақ Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институты» комерциялық емес акционерлік қоғамының шотына 305 миллион теңге аударылады.

Институт Каспий теңізінің экологиялық мәселелерін зерттеу мақсатында құрылды. Атап айтқанда, ҒЗИ-дің қызмет аясына балық қорының көлемін бағалау, оларды сақтау әдістері мен технологияларын әзірлеу, ихтиофаунаны зерттеу, итбалықтардың жаппай қырылу себептерін анықтау және олардың популяциясын сақтау мәселелері кіреді.

Бұдан бөлек, теңіздің гидрологиялық үдерістерін зерттеуге және оның деңгейін бақылауға, климаттың өзгеруін және оның экожүйеге әсерін талдауға, судың сапасы, биологиялық алуантүрлілік және Каспий теңізінің қазақстандық бөлігі мен жағалауының өзге де параметрлері жөніндегі деректерді жинау мен талдауға бағытталған.

Үкімет резервінен бөлінген қаражат институтты одан әрі дамытуға бағытталып, гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология, спутниктік мониториң зертханаларында ғылыми-зерттеу жұмыстарын уақтылы әрі тиімді жүргізуге, сонымен қатар институтқа жүктелген өзге де міндеттерді орындауға мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.