12 тамызда су асты іздестіру жұмыстары барысында экипаждың үшінші мүшесінің денесі табылды. Бұл туралы қорғаныс министрлігі хабарлап отыр.
10 тамызда экипаж командирі майор Нұржігіт Қайратұлы Үйсінбаевтың денесі табылып, анықталған болатын. Ол эскадрилья командирінің (армиялық авиация) тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары болды. 1-сыныпты ұшқыштың EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі айтарлықтай, жалпы ұшу уақыты – 930 сағат. Жоғары кәсіби дайындығымен, жауапкершілігімен, бастамашылдығымен және әскери борышына адалдығымен ерекшеленген ол әріптестері мен қолбасшылық арасында зор құрметке ие болған.
11 тамызда іздеу топтары авиациялық эскадрилья авиациялық буынының борт технигі капитан Бақтияр Сәниоллаұлы Ержігітовтің денесін тапты. 1-сыныпты маманның EC-145 тікұшағын басқаруда тәжірибесі жеткілікті, жалпы ұшу уақыты – 300 сағат. Авиациялық бөлімдерде көп жылдық тәжірибе жинақтаған жоғары білікті маман, бейіндік дайындықтан өткен.
12 тамызда экипаж командирінің көмекшісі капитан Аман Нұрланұлы Амангелдінің денесі табылды. Тәжірибелі ұшқыш, күрделі метеорологиялық жағдайларда бірнеше мәрте ұшып жаттыққан. Түрлі ауқымдағы жаттығулар мен операцияларға қатысқан. Жоғары орындаушылық тәртібімен және мінсіз қызметтік беделімен ерекшеленген. EC-145 тікұшағындағы ұшу уақыты – 295 сағат.

Қаза болған үш ұшқыш та әуе қорғанысы күштері әскери институтының түлектері. Әріптестері оларды әрдайым көмекке дайын, қайырымды және жанашыр азамат ретінде еске алады.
Акваторияны және оған іргелес аумақты зерттеу бойынша іздестіру шаралары жалғасып жатыр. Тікұшақ бөліктерін анықтау және жағаға шығару жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Апаттың себептерін анықтау үшін тергеу амалдары жүргізілуде. Қорғаныс министрлігі мен қарулы күштердің басшылығы қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады және барлық қажет көмекті көрсетеді, — делінген хабарламада.
Айта кетейік, 25 шілдеде Алматы облысында жоспарлы ұшу барысында қарулы күштері әуе қорғанысы күштерінің EC-145 тікұшағы радардан жоғалып кеткен.