Басты бетЖаңалықтарМагистратураға тест тапсырғандардың 50%-ы ғана шекті балл жинаған

Магистратураға тест тапсырғандардың 50%-ы ғана шекті балл жинаған

2025 жылы магистратураға түсу үшін 49 мыңға жуық адам тест тапсырды. Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша талапкерлердің 50%-ы, бейінді бағыт бойынша 21%-ы шекті балл жинады.

Бұл туралы ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлап отыр.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша орташа көрсеткіш 77 балл, бейінді бағыт бойынша 23 балл болды. Ең жоғары балл – 139. Кешенді тестілеу барысында 130 қатысушының нәтижесі жойылды. Оның ішінде 79 оқуға түсуші смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өтуге тырысқаны үшін тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды, — делінген хабарламада.

Кешенді тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 35 адам шығарылып, олардың нәтижелері жойылды. Тестілеуге кіргізу барысында бір бөгде адамның тестілеуге кіру әрекеті анықталды. 15 адамның нәтижесі тестілеу бейнежазбасын тексеру нәтижесінде жойылды.

Ғылыми-педагогикалық бағыт бойынша магистратураға түсу үшін кемінде 75 балл, бейіндік бағыт бойынша кемінде 30 балл жинау қажет. Грант конкурсына құжат 12-18 тамыз аралығында қабылданды, ал грант иегерлерінің тізімі 25 тамызға дейін жарияланады.

Конкурсқа қатысу үшін келесі құжаттарды тапсыру қажет:

  • жеке куәліктің көшірмесі,
  • жоғары білімі туралы құжат (диплом және қосымшасы);
  • КТ сертификаты және шет тілін меңгергендігін растайтын халықаралық сертификаттар (бар болған жағдайда).

Құжаттарды тапсыру кезінде оқуға түсуші білім беру бағдарламаларының бір тобын және үш жоғары оқу орнын көрсете алады.