2025 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 239 кәсіпорны 3,5 мыңнан астам жұмыскерге 1,3 миллиард теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтады.
Бұл туралы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлап отыр.
Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 4 мыңнан астам фактісі анықталды.
Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 2 287 ұйғарым берілді және 277 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 3,4 мыңнан астам жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 1,1 млрд теңге төленді, — делінген хабарламада.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылғы 1 тамыздағы деректер бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 514 тексеру жүргізді, оның барысында 4 132 бұзушылық анықталды, оның ішінде:
- еңбек саласында – 3 465;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 648;
- халықты жұмыспен қамту бойынша – 19.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 25 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.