Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында заңсыз сақталған 40-тан астам қару тапсырылды

Алматы облысында заңсыз сақталған 40-тан астам қару тапсырылды

Алматы облысында заңсыз сақталған атыс қаруы, оқ-дәрілер мен жарылғыш заттарды ерікті түрде тапсыру акциясы өтіп жатыр.

Бұл туралы Алматы облысы полиция департаменті хабарлап отыр.

ПД мәліметінше, азаматтық және қызметтік қару айналымын бақылау тобының қызметкерлері тұрғындар арасында ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізген.

Біз облыс тұрғындарымен 46 кездесу өткізіп, заңсыз сақталған қаруды ерікті түрде тапсыру және қару иелеріне ақшалай сыйақы төлеу тәртібі туралы толық түсіндірме бердік. Азаматтардың ыңғайы үшін қалалық және аудандық полиция бөлімдерінде, сонымен қатар ХҚКО, базар және ойын-сауық орталықтары сынды халық көп шоғырланатын орындарда үгіт-насихат материалдары орналастырылды. Бұдан бөлек барлық полиция бөлімдеріне халыққа тарату үшін арнайы жадынамалар берілді, — делінген хабарламада.

Облыстық полиция мәліметінше, биыл 25 шілдеге дейін 31 азаматтан өтініш түсіп, олар 41 қаруды тапсырған. Оның ішінде, 35–тегіс ұңғылы қару, бір–травматикалық қару және бес–ойық ұңғылы қару. Заңсыз сақтаудағы қаруды ерікті түрде тапсырған 25 азаматқа жалпы сомасы 3 007 980 теңге көлемінде ақшалай сыйақы төленді.