Ақпаратты бейнелейтін Kartahana Instagram парақшасы есімі Ұл-дан басталатын әйелдер үлесін жариялады. Парақша 2021 жылғы халық санағына сүйенген. Сол уақыттағы көрсеткіш бойынша, елімізде есімі Ұл-дан басталатын әйелдер үлесі жалпы әйелдердің 1,07%-ына тең.

Қызына мұндай есім қоятындардың көбі елдің оңтүстігінде тұрады. Түркістан облысының үлесі — 2,6%, Шымкенттің үлесі — 1,7%. Одан кейін Қызылорда мен Жамбыл облыстары (1,4%) тұр. Қазақы салтты жақсы ұстанатын Маңғыстау облысы да қыздарына Ұл-дан басталатын ат қоятындар қатарында бесінші тұр. Үлесі — 1,3%.

карта
Дереккөз: Kartahana Instagram парақшасы

Осыдан бастап солтүстікке қарай Ұл-дан басталатын есім қоятындар азаяды. Ең төменгі көрсеткіш Павлодар облысында – 0,27%.

Қазақ салтында әке-шеше, ата-әже дүниеге ұл келгенін тілек етіп, жаңа туған қызға Ұл-дан басталатын есім қояды. Ұлбике, Ұлжан, Ұлбазар сияқты есімдер осындай тілектен пайда болған. Халықтың ұғымында ұл — ұрпақ жалғастырушы, шежіре жалғасы. Ал қызды шежіреге жазбайды.