Тамыз айының екінші жексенбісі – құрылысшылардың кәсіби мерекесі. Осыған орай, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев өңір құрылысшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Бұл туралы әкімнің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Сала мамандарымен кездесуде аймақ басшысы өңірдегі құрылыс саласының даму қарқынына тоқталып, мемлекеттік бағдарламалар аясында бой көтеріп жатқан әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй құрылыстарының уақытылы әрі сапалы жүргізілуінде құрылысшылардың еңбегі ерекше екенін атап өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауларында құрылыс саласының ұлттық экономикадағы стратегиялық маңызын ерекше атап өтіп жатыр. Құрылысшылардың еңбегінің арқасында облысымызда жыл сайын тұрғын үй көлемі артып келеді. Қоғам өміріндегі барлық маңызды жобалар мен нысандардың артында – Сіздердің тынымсыз тірліктеріңіз, тиянақты жұмыстарыңыз тұр,- деді Нариман Төреғалиев.
Салтанатты жиын барысында құрылыс саласының дамуына зор үлес қосқан құрылысшыларға «Еңбек ардагері» медалі, «Құрметті құрылысшы» төсбелгісі, «Құрмет грамоталары» мен алғыс хаттар табысталды.
Батыс Қазақстан облысында құрылыс саласы қарқынды дамып келеді. Биыл 7 көпқабатты және ауылдық жерлерде 14 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр, жалпы 1200-ден астам пәтер пайдалануға беріледі.
Кейінгі екі жылда өңірде 22 мектеп ашылып, 7 мыңға жуық оқушы жаңа мектепке барды. «Келешек мектептері» жобасы аясында 2024 жылғы үш мектептің құрылысы аяқталса, биыл жыл соңына дейін тағы алты мектеп ашылады.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында 2025 жылға дейін 50 медициналық нысан салу жоспарланған. 2023-2024 жылдары 36 нысан пайдалануға берілді, биыл 13 нысанның құрылысы толық аяқталды. Қазір соңғы нысанның құрылысы аяқталуға жақын.