Басты бет Жаңалықтар БҚО-ның Есенсай ауылында жаңа спорт кешені ашылды

БҚО-ның Есенсай ауылында жаңа спорт кешені ашылды

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданына қарасты Есенсай ауылында модульдік дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешені пайдалануға берілді.

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев ауыл тұрғындарының қуанышына ортақтасып, ауыл халқының игілігіне бағытталған нақты істер жалғасатынын атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің Жолдауында: «Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша», – деп атап өткен болатын. Спорт – ұлттың қуаты, денсаулықтың темірқазығы, өркенді елдің нышаны. Бүгінде өңір халқын спортпен шұғылдануға ынталандыру, салауатты өмір салтын дәріптеу – біздің басты мақсаттарымыздың бірі», – деді өңір басшысы.

Спорт нысанының жобалық құны – 273 млн теңге. Ғимараттың жалпы ауданы – 710 шаршы метр. Мердігер компания құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде толық аяқтады.

Спорт кешені заманауи талаптарға сай жабдықталып, спорттық құрал-жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Бұл ауыл балалары мен жастары үшін спортпен айналысуға және кәсіби деңгейде дайындалуға зор мүмкіндік береді.

Ақжайық ауданында тұрғындардың 40%-дан астамы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады.

Ақжайық ауданында 102 спорттық құрылыс бар. Оның ішінде 2 дене-шынықтыру сауықтыру кешені, 15 спорттық алаң, 10 атқыштар тирі, 87 жазықтық құрылғылар, 32 спорттық зал.

Ақжайық аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 18 спорт түрі бойынша 1657 спортшы шұғылданады. Балалармен оқу-жаттығу жұмысын 60 оқытушы-жаттықтырушылар жүргізеді.

Exit mobile version