2024–2025 жылғы маркетингтік маусымның ағымдағы кезеңінде Қазақстан 1,82 миллион тонна арпа экспорттады. Бұл көрсеткіш өткен маусымдағы көлемнен екі есеге артық.
Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлап отыр.
Министрліктің мәліметінше, экспорттың өсуіне үш негізгі фактор ықпал еткен: 3,84 миллион тонна көлемінде жоғары өнім алынуы, Иран мен Қытай тарапынан сұраныстың артуы және қазақстандық арпаның бағалық бәсекеге қабілеттілігі. Атап айтқанда, Иранға жөнелтілген арпа көлемі 1,064 миллион тонна болды, өткен маусыммен салыстырғанда 30 есеге өскен. Қытайға – 414,4 мың тонна, ал Өзбекстанға – 125,2 мың тонна арпа экспортталған.
Экспорт көлемінің артуы ішкі нарықтағы бағаның өсуіне оң әсер етті. 2024 жылғы қыркүйекте тоннасы 50–52 мың теңге болса, 2025 жылғы тамыздың басында бұл көрсеткіш 85–87 мың теңгеге дейін жетті. Жыл қорытындысы бойынша арпа экспорты 1,9 миллион тоннаға жетеді деп күтіліп жатыр.
Саладағы тұрақтылықты сақтау мақсатында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ ішкі нарыққа 500 мың тонна бидай және 200 мың тонна жемдік астық (бидай мен арпа) шығарып, бағаның теңгерімді сақталуын қамтамасыз етіп отыр.
Астық бағасының көтерілуі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне де оң әсерін тигізіп отыр. Бұл фермерлердің рентабельділігін сақтап қана қоймай, қосымша қарызсыз ағымдағы шығындарды өтеуге және инфрақұрылымға инвестиция салуға мүмкіндік беруде.