Еліміздің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді.
Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлап отыр.
Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді, — делінген хабарламада.
Жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеуді бұзып тасымалданған.
Уақытша шектеу тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сонымен қатар пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдыққа қатысты, — делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылған құқық бұзушыға, яғни жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Өнім толықтай шыққан елі Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды.