Басты бетЖаңалықтарБиыл 105 гидротехникалық құрылысқа тексеру жүргізіледі

Биыл 105 гидротехникалық құрылысқа тексеру жүргізіледі

Солтүстік Арал су қоймасының көлемі 24,4 миллиард текше метрге дейін ұлғайды. Бұл туралы үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев айтты.

2025 жылғы 9 сәуірде Су кодексі қабылданып, 10 маусымда күшіне енді. Қазіргі таңда 6 мыңнан астам шақырым канал жаңғыртылып жатыр. Оның ішінде осы жылы шамамен 200 мың гектар алқап су алатын 962 шақырым канал пайдалануға беріледі. 2025 жылы Жетісу облысындағы Қызылағаш су қоймасының қайта жаңғыртылуы аяқталды. Сонымен қатар жыл соңына дейін Түркістан облысындағы «Қарақуыс» су қоймасы, Батыс Қазақстан облысындағы Киров су қоймасы құрылысы және басқа нысандар бойынша жұмыс аяқталады. 105 гидротехникалық құрылысқа көпфакторлы тексеру жүргізу жоспарланып отыр, — деді ол.

Вице-премьердің айтуынша, жыл соңына дейін алты облыста топтық су құбырын салу және қайта құру бойынша 10 жобаны пайдалануға беру жоспарланған.

Биылғы көктемгі кезеңінің нәтижесінде Қазақстан су қоймаларына 16,9 миллиард текше метр су келді. 15,7 миллиард текше метр еріген қар суы көл жүйелері мен лимандарға таратылды. Балқаш көліне Қапшағай су қоймасынан 3,8 миллиард текше метр су жіберілді. 2024-2025 жылдары Солтүстік Аралға шамамен 5 миллиард текшеметр су беріліп, қойманың көлемі 24,4 миллиард текше метрге дейін ұлғайды, — деді Қанат Бозымбаев.