Алматының Әуезов ауданында зейнеткерлерді алдап, үйлерінен ірі көлемде ақша ұрлаған екі әйел ұсталды. Бұл туралы ПД хабарлап отыр.
Тергеу деректері бойынша, күдіктілер зейнет жасындағы азаматтардың сеніміне кіріп, пәтерлеріне әртүрлі сылтаумен енген.
Бір жағдайда олар өздерін кітап таратушылар ретінде таныстырып, үй иесін су алып келуге жұмсаған. Осы сәтті пайдаланып, үй ішінен бағалы заттар мен ақшаны жымқырған. Осындай жағдайлардың бірінде 4 миллион теңге көлеміндегі қаражатты қолды еткен. Қазір күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Алматы полициясы ұсталған әйелдердің қала бойынша басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.
Полиция мәліметінше, мұндай қылмыстар көбіне зейнеткерлердің аңғалдығын пайдаланып жасалады.
Зейнет жасындағы азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің профилактикалық жұмысымыздың басым бағыттарының бірі. Азаматтарға беймәлім адамдарды үйге кіргізбеуге кеңес береміз. Күмәнді жағдай орын алған жағдайда бірден полицияға хабарласыңыздар, – деді Әуезов аудандық полиция басқармасының бастығы Данияр Мендебаев.