Басты бетЖаңалықтарҚазақстан арқылы өткізбек болған тауық еті Қытайға кері қайтарылды

Қазақстан арқылы өткізбек болған тауық еті Қытайға кері қайтарылды

Еліміздің ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді.

Бұл туралы ауыл шаруашылығы министрлігі хабарлап отыр.

Жетісу облысы Панфилов ауданындағы «Нұр-Жолы» ветеринариялық бақылау бекетінде Қытай Халық Республикасынан Түрікменстанға бағытталған, терісі мен сүйегі алынған 42,2 тонна мұздатылған тауық филесінің заңсыз транзитіне жол бермеді, — делінген хабарламада.

Жүк Қазақстан Республикасында құс шаруашылығы өнімдеріне қатысты қолданыстағы уақытша шектеуді бұзып тасымалданған.

Уақытша шектеу тірі құсқа, инкубациялық жұмыртқаға, мамық пен қауырсынға, кемінде 70°C температурада термиялық өңдеуден өтпеген өнімдерге, құсқа арналған жем мен жемдік қоспаларға (микробиологиялық және химиялық жолмен алынған қоспалардан басқа), сонымен қатар пайдаланылған құс ұстауға, союға және өңдеуге арналған жабдыққа қатысты, — делінген хабарламада.

Ақпаратта айтылған құқық бұзушыға, яғни жеке тұлғаға қатысты әкімшілік хаттама толтырылды. Өнім толықтай шыққан елі Қытай Халық Республикасына кері қайтарылды.