Жыл өткен сайын Іле Алатауы ұлттық паркіне баратын халық саны өсіп келеді. 2025 жылдың алғашқы жеті айының өзінде ұлттық парктің бақылау-өткізу бекеттерінен 507 мың адам өткен. Baribar.kz тілшісі ұлттық паркті ішнара аралап, табиғатты қорғау үшін және туристерге қолайлы болу үшін жасалып жатқан жаңашылдықты көріп қайтты.

Ұлттық парктің 4 өткізу-бақылау бекеті автоматтандырылды

Ұлттық парктің 10 өткізу-бақылау бекеті бар. Қазірге дейін оның төртеуі сынақ режимінде автоматтандырылған. Іле Алатау ұлттық паркі директорының орынбасары Арқау Шантаев автоматтандыру халықтың паркке кіруін жеңілдетеді деп отыр.

Арқау Шантаев
Арқау Шантаев. Фото: Досжан Балабекұлы

Автоматтандырылған бекеттен өтетін адам экоалымды Kaspi QR арқылы немесе осы банктің қолданбасынан алдын ала төлей алады. Автоматтандыру жүйесі ішкі істер министрлігі базасына қосылған. Бекеттегі камера өткізу бекетіне жақындаған көліктің мемлекеттік нөмірін оқиды да, көлік иесі экоалымды алдын ала төлеп қойса, шлагбаум автоматты түрде ашылады. Сөйтіп, көліктер өте береді де, кептеліс азаяды, — дейді ол.

Автоматтандыру жүйесі Алмаарасан, Бұтақты, Түрген, Қаскелең шатқалдарына орнатылған. Жыл сайын экоалымның жаңа тарифы бекітіледі. Өйткені тариф АЕК-ге қарай өзгеріп отырады.

Іле Алатауы ұлттық паркі, бақылау-өткізу бекеті, Аюсай
Бақылау-өткізу бекеті. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Экоалым көлікте отырғандар санына емес, бір көлікке алынады. 16 орындық көлік иесі 5 111 теңге, жеңіл көлік 1 179 теңге, ал жаяу адам 589 теңге төлейді. Төлем бір рет кіргенге есептеледі. Шығып, қайта кірсеңіз, қайта төлеу керек. Ұлттық паркке адам таситын таксилер күніне 10-20 рет кіріп-шығады. Бұл экологияға зиян. Сондықтан әр кіргені үшін экоалым төлеуге тиіс. Оның үстіне ұлттық паркке көлік бензин, дизель, электр қуаты арқылы жүрсе де, кіре береді, — дейді Арқау Шантааев.

Ұлттық парктен былтыр 700 тонна қоқыс шығарылған

2025 жылдың алғашқы жеті айында Іле Алатауы ұлттық паркіндегі бақылау-өткізу бекеттерінен 507 мың адам өткен. Олар төлеген экоалым — 298 миллион теңге ұлттық парк шотына түскен. Экоалым арқылы түскен ақшаның бір бөлігі қоқыс шығаруға кетеді.

Іле Алатауы ұлттық паркі, тау, орман, табиғат
Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

2024 жылы ұлттық парктен 722 тонна қоқыс шығарылған. Басшылық паркте қалдырып кететін қатты тұрмыстағы қалдық көлемі жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтып отыр. 2025 жылдың алғашқы жеті айында 470 тонна қоқыс шығарылған.

Ұлттық парк базасында арнайы қоқыс шығаратын үш көлік, 32 қоқыс жинайтын алаң бар. Парк бойынша қоқысты сұрыптап жинайтын 365 контейнер қойылған: 70-і дымқыл фракция, қалғаны құрғақ фракция жинауға арналған, — дейді Іле Алатауы ұлттық паркі директорының орынбасары Арқау Шантаев.

Экоалымнан түсетін қаражат қайда жұмсалады?

Ұлттық парктің 46 туристік маршруты бар. Оның 80%-ы абаттандырылған. Биыл 11 соқпақ ішнара, үш кемпиң аймағы және үш бұлақтың бойы абаттандырылады.

Экоалымнан түсетін қаражат абаттандыру, қоқыс шығару, қызметкердің айлық ақысын төлеу, көліктің майы сияқты қажеттікті өтейді. Аймақты абаттандыруға Алматы қаласы мен Алматы облысы атқарушы билігі және жеке компаниялар атсалысады, — дейді ұлттық парк директорының орынбасары.

Биыл халық «Хоббит сарқырамасы» деп атап кеткен сарқыраманың бойы, жалпы аумағы 1,5 шақырымдық жер абаттандырылады. Бұл сарқыраманың шын атауы — Аюсай жоғары сарқырамасы. Сарқыраманың ең биік нүктесі — 2 200 метр. Сарқырама бойымен жүретін жолдың жеңілдігі орташа, 45 минуттай уақыт кетеді.

Аюсай жоғары сарқырамасы, Хоббит
Аюсай жоғары сарқырамасы. Фото: Massaget.kz

Қазір Хоббит сарқырамасы әлжелі арқылы жұртқа танылып кеткен. Халық сарқыраманың бойын таптап тастағандықтан, топырағы бүлініп жатыр. Сондықтан биыл топыраққа тимейтін аспалы жол салынып, кейбір жеріне баспалдақ орнатылмақ. Дәретхана, жаппа (беседка) қойылады.

Аюсай/Хоббит сарқырамасын абаттандыру
Аюсай/Хоббит сарқырамасын абаттандыру жоспары. Фото: Таңшолпан Бегалықызы/Baribar.kz

Ұлттық парк жаңашыл жоба бастаған. Биыл күзде Аюсай шатқалына балаларға арналған Eco life camp алаңы салынады. Жаңашылдығы сол, алаңға жалаң аяқ жүретін соқпақ түседі. Ұзындығы — 250 метрдей. Онда таудан алынған қиыршық тас, жоңқа, Алакөлден әкелетін қара тас пен құм төселеді. Бұл екі жобаға экоалымнан 20 миллион теңге бөлінген.

жалаң аяқ жүретін соқпақ
жалаң аяқ жүретін соқпақ. Фото: Досжан Балабекұлы

Тағы бір айта кетерлігі, биыл мамыр айында Алмаарасан ыстық су көзінде тас құлап, бір адам қаза болған еді. Ұлттық парк Алматы әкімдігінің туризм басқармасымен бірлесіп, Алмаарасан ыстық су көздерін абаттандырып жатыр. 700 метрлік соқпақ жол салынып, жартас тормен қапталған.

Үлкен Алматы көліне апаратын автожол не үшін жабылған?

Ұлттық паркте туристер ең жиі баратын жер — Үлкен Алматы көлі. Былтыр көлге 800 мыңнан астам адам барған, 2025 жылдың қорытындысы бойынша, бұл көрсеткіш миллион адамға жетуі мүмкін. Дегенмен Үлкен Алматы көліне апаратын автожол екі жылдан бері жабық тұр. Себебін Іле Алатауы ұлттық паркі директоры Елнұр Ахметов айтып берді.

Іле Алатауы ұлттық паркі директоры Елнұр Ахметов
Елнұр Ахметов. Фото: Досжан Балабекұлы

Өйткені жол қауіпті. Жол нашар болғандықтан, автокөліктер соғысқан еді. Алматы қаласы әкімдігі алдағы екі жылда көлге апаратын жолды төсейді және жол бойындағы жартастардың тасын бекітіп, қатайтады. Болашақта Үлкен Алматы көлінің инфрақұрылымы дамиды, — деді Елнұр Ахметов.

Оның айтуынша, алдағы уақытта көлге тек электр қуатымен жүретін автобустар мен жеңіл көліктер бара алады. Тіпті, жеке электрокарларды жүргізбей, туристік компанияның ғана көлігін жүргізу жоспарланып отыр.