Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың Қазақстанға қосымша тариф енгізуіне қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы министрліктің Telegram-арнасында хабарланып отыр.
Биыл маусым айында сауда министрлігі өкілдері АҚШ тарапымен екіжақты кездесу өткізді. Қазақстан АҚШ-қа өзара тиімді сауда ынтымақтастығын дамыту, тауар жеткізу тізбектерін тұрақты сақтау және нарыққа әділ қол жеткізу шарттарын қамтамасыз ету мәселелерін қамтитын ресми ұсыныс жолдады. Бұл ұсыныс АҚШ президентінің 2025 жылғы 2 сәуірдегі жарлығы мен оған енгізілген кейінгі өзгерістерді ескере отырып әзірленген, – делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп 31 шілдеде жаңа жарлыққа қол қойып, бірқатар елдерден жеткізілетін тауарларға қосымша баж салығын енгізгенін жазғанбыз.
Жаңа жарлыққа сәйкес, Қазақстаннан АҚШ-қа импортталатын тауарларға қосымша 25% тариф енгізіледі.