Басты бетЖаңалықтарStreetхана тағам мен тағдырды тоғыстырды

Streetхана тағам мен тағдырды тоғыстырды

Асүйде басталған әңгіме кейде өмір шындығына айналады. Кинопоисктің кезекті жобасы Streetхана телехикаясы да дәл осы қарапайым кеңістікте өрбитін күрделі қарым-қатынастарды, жан тебірентер сезімдерді арқау еткен.

Басты рөлдерде: Дидар Төлеген, Шұғыла Ешенова, Ғани Құлжанов, Мәдина Жұмабаева, Рустам Саидходжаев, Айжан Пернебекова, Ернұр Жексекбаев және тағы басқалар.

Жоба авторлары ұлттық тағамдарға жаңаша дем беріп, заманауи көше тағамдарының жаңа түрлерін ұсынды. Мысалы, көрермендерге таныс бауырсақ «шаурсак» деп аталатын ерекше форматта қайта жасалып, сериалдың бір нышанына айналды. Бұл – дәстүр мен қазіргі заманды ұштастырған креативті қадам.

Түсірілім алдында актерлар арнайы аспаздық дайындықтан өткен. Көпшілігі үшін бұл мүлде жаңа тәжірибе болды. Мәселен, Дидар Төлеген ас үйге бұрын онша қызықпаса да, жобаның арқасында ол алғаш рет стейк пісіріп, соус түрлерін жасауды үйреніп, тіпті ас дайындауға әуестене бастаған.

Театр мен кино саласында өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып үлгерген Қажет Смағұлов бұл жобадағы рөлі мен оның астарындағы ойға ерекше мән беретінін жеткізді:

Киноның астарында айтылатын ой – өте ауқымды. Отбасылық құндылықтарды экран алдына әкелсек, көрерменге ой салсақ – ол біздің басты жетістігіміз. Сериалда әке мен баланың қарым-қатынасы арқылы осы мәселе көрініс табады. Қамқорсыз, ата-анасыз өсіп жатқан бейкүнә балалар біздің қоғамда да аз емес. Мен сомдаған рөл жағымсыз кейіпкер болса да, басты кейіпкердегі балаларға көмектесуге тырысамын.

Фото: Baribar.kz

Бұл телехикаяда  көтерілетін жүк – жеңіл емес. Ересектер елемеген сезімді көрерменге жеткізу – қаршадай жастардың еншісіне тиген. Солардың бірі – басты рөлдегі Айжан Пернебекова.

Маған өнер мен ас үй құдды ұқсайтындай көрінеді. Бірі – тамаққа дәм бітіру болса, бірі – кейіпкерге жан бітіру. Менің ойымша, әр кейіпкердің айтары бар, әр өнер иесі көрерменіне әсер ете алу керек. Бұл кинода шағын ғана асүйде даулы, өзекті мәселелер көрініс табады, — дейді А.Пернебекова.

Streetхана – тағам жайлы ғана емес, тағдыр жайлы туынды. Бұл – ата-ана мен бала арасындағы үнсіз диалог, отбасынан алыста қалған жанның ішкі күресі мен кешірімге ұмтылысы жайлы оқиға. Ұлттық тағам – осы эмоцияларды біріктіретін символ. Әр дәмнің артында жан жарасы, сағыныш, жақындық пен жаттық бар.

Бұл – Кинопоисктің еліміздегі екінші жобасы. Бұған дейін қылмыстық комедия жанрында түсірілген «Под контролем» сериалы жарық көрген. Ал Streetхана – ұлттық тағам мен ұлттық болмысты, қазіргі отбасы тақырыбын заманауи стильде көтереді.

Дидарқызы Ділнәз