Ақтөбе облысында бөгеттің бұзылуына кінәлі әкімдік қызметкері сотталды. Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігі хабарлап отыр.
Былтыр көктемгі су тасқыны кезінде Хромтау ауданындағы «Магаджан» бөгетін су шайып кетті. Соның салдарынан Алға ауданының елді мекендері, сонымен қатар Елек және Қарғалы өзендерінің маңындағы бау-бақша ұжымдары су астында қалды. 215 адам, соның ішінде 96 бала қауіпсіз жерге эвакуацияланған болатын.
Тергеу материалына сәйкес, бөгеттің бұзылуына жергілікті атқарушы орган қызметкерінің өз міндеттерін тиісінше орындамауы себеп болды. Ол гидротехникалық құрылыстың техникалық жағдайын бақыламаған, тексеріс жүргізбеген және апаттың алдын алуға қажет шаралар қабылдамаған. Бөгеттің бұзылуынан 211 миллион теңгеден астам шығын келді.
Сот әкімдік қызметкеріне бір жыл алты ай мерзімге бостандығын шектеу жазасын кесті. Үкім заңды күшіне енген жоқ.