«Алатау» дәстүрлі өнер театрының Steppes Rhapsody қойылымы «Авиньон OFF» фестивалінде сахналанды. Қойылымның режиссеры — Әділет Тамен. Авиньон OFF фестивалі — әлемдегі ең ірі театр алаңдарының бірі. Бұл фестиваль әртүрлі мәдениетті, тілі және өнер түрлерін үйлестіріп, халықаралық деңгейде ұлттар арасындағы өзара түсіністік пен құрметті нығайтуға ықпал етеді.
Steppes Rhapsody қойылымының алғашқы сәті — «Шаман биі» мен «Ақсақ құлан» күйі халықтың терең философиясы мен тарихи санасын бейнелей отырып, көрерменді өз әлеміне тартып әкетті. Домбыраның күмбірі, қобыздың сазды үні қазақтың өткен дәуірін, оның мәңгілік тіршілігін көрсетті.

Француз қауымына қазақтың қазіргі заманғы өнерін танытып, еліміздің бай шығармашылық әлемі жайында терең түсінік беру үшін осы ұлы өнердің алауын жағып, қойылымды ұсындым. Фестивальге жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен 2000-нан аса театр майталмандары қатысып, түрлі қойылым таңдап, өнер сарайларында көрсету үшін бағдарламасына қосады. Бұл фестиваль — шығармашылық алмасу, кездесу мен кәсіби тәжірбие бөлісу алаңы. Түрлі халық мәдениетін өзара алмасу мен халықаралық диалог аясында жұмыс істеп, өзара түсіністік пен байланысты нығайту үшін осындай шынайы кездесулерді қажет етіп отырмыз, — дейді фестивальдің Co-President-і Харолд Дейвид.
Қойылымдағы әр қимыл-қозғалыс ұлы даланың кеңдігін, халқымыздың төзімділігін, олардың сан ғасырлық тарихын сипаттайды. «Рухты ел» күйінде домбыра мен қобыздың үндестігі халықтың рухын, оның еркіндігін бейнелейді. Күйдің терең сазы — қазақтың дәстүрін, өткені мен болашағы арасындағы алтын көпір.
Бұған дейін бұл әртістерді көрген емеспін, басқа бір қойылымға келіп едік. Алайда сахнаға шығып, олардың ұлттық киімдері мен әндерінің қазынасынан, дауысының тереңдігінен оралған сәтте, бағытымызды өзгертіп, ойы қойылымға бет алдық. Бізді әр көрініс, әр дауыс баурап алды. Бәрі де жарқын, шынайы өтті. Бұл – жай өнер емес, рухтың үнін жеткізу, жан тереңінен айтылған сөздер. Олар бізге қазақтың ұлттық рухын, оның қасиетті мәдениетін көрсету арқылы өзімізге деген сүйіспеншілігімізді оятты, — дейді көрерменнің бірі.

Сахнадағы «Аққу» биі биленіп, айбалтамен орындалған «Балбырауын» көрінісі қойылды. Әділет Тамен сомдаған бұл көрініс еркіндік пен батырлықтың көрсетті.
Ұлжан Ағлақова мен Диас Мұратхан «Юранай» мен «Хайлау-лилау» әндерін шырқады. Әділет Таменовтің «Адай» биіндегі трюктері қазақ халқының күш-қуатын, батылдығын және еркіндігін көрсетеді.
Бельгияда тұрамын. Жыл сайын Авиньон фестиваліне қатысу дәстүрге айналды. Қасиетті сахнаға қазақтың талантты ұлдары мен қыздары келіп өнер көрсетеді дегенді ести сала, «сол кешке міндетті түрде барамын» деп өзіме сөз бердім. Келгеніме бір сәт те өкінген жоқпын, керісінше, бұл сапар өмірімді байытты. Сахнадан төгілген энергия балалық шағыма апарып, рухымды жаңартты. Әртістердің өнері қатты толқытты, өзімді өзгеше әлемде жүргендей сезіндім. Мұндай өнердің әсері шексіз! Мұншалық терең әсер қалдырады деп ойламаппын, — дейді көрерменнің бірі.

Қойылымның соңында орындалған «Алатау» мен «Атамекен» әндерінде қазақ халқының терең рухани әлемі, оның кең далаға деген махаббаты айқын көрініс тапты.
Инара Әубәкірова