Басты бетЖаңалықтарҚазақстанның бірқатар өңірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады

Қазақстанның бірқатар өңірінде найзағай ойнап, жаңбыр жауады

31 шілдеде Қазақстан аумағында қауіпті метеорологиялық құбылыстар болжанып отыр. Бұл туралы «Қазгидромет» хабарлап отыр.

Солтүстік-батыс циклоны мен оған қатысты атмосфералық фронтальды бөліктердің әсерінен еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады, найзағай ойнайды. Солтүстік, солтүстік-батыс және орталық өңірлерде қатты жаңбыр күтіледі.

Солтүстік, солтүстік-батыс пен шығыста бұршақ жаууы мүмкін.

Желдің күшеюі республиканың барлық өңірлерінде байқалады. Күндіз оңтүстік және оңтүстік-батыс облыстарда шаңды дауыл тұруы ықтимал. Солтүстік өңірлерде түнгі және таңғы уақыттарда тұман түседі.

Күндіз Атырау облысында, Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, сонымен қатар Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының оңтүстігінде ауа температурасы +35°С-қа дейін көтеріледі.

Абай облысында, Шығыс Қазақстан облысының шығысында, Қостанай мен Павлодар облыстарының батысында, Батыс Қазақстан облысының батысы мен оңтүстігінде, Қарағанды мен Атырау облыстарының жекелеген аумақтарында, Маңғыстау облысының оңтүстік-шығысында жоғары өрт қаупі сақталады.

Сонымен қатар Қызылорда, Түркістан, Алматы, Жетісу облыстарында, Жамбыл облысының солтүстік, батыс және шығыс бөліктерінде, сондай-ақ Ақтөбе, Ұлытау, Қостанай, Қарағанды, Атырау, Маңғыстау, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының бірқатар аумақтарында төтенше өрт қаупі сақталады.